Павлодар қаласының ақпараттық технологиялар колледжінде дронрейсинг пен авиамоделдеу бойынша халықаралық байқаудың аймақтық іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа қатысушылар компьютерлік симулятор арқылы дронды басқару шеберлігін көрсетті. Арнайы бағдарлама көмегімен олар белгіленген әуе жолымен ұшып, дәлдік пен жылдамдық бойынша сынға түсті.
Байқаудың негізгі мақсаты елімізде ұшқышсыз авиация саласын дамыту. Жастардың техникалық қызығушылығын арттырып, болашақ мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасау. Мұндай байқау өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл IT саласына қызығатын жастар үшін үлкен тәжірибе алаңы болды.
Зарина Құтпанова, ұйымдастырушы
Осы арқылы олар тек қана ұшуды біліп қана қоймай, оның бағдарламасын біледі. Түрлі білімнің ұштасқан бағыты болғандықтан, осындай үлем қосамыз. Осы жарыс 3 негізгі түрі өтіп жатыр.
Сайыс офлайн форматта және тегін өтті. Қатысушылар үш жас санаты бойынша бақ сынады. Олар 10–15 жас аралығындағы жасөспірімдер, 16–21 жастағы жастар және ересектер санаты. Әр бағыт бойынша бір жеңімпаз анықталып, үш қатысушы Астана қаласында өтетін финалдық кезеңге жолдама алады.
Зарина Құтпанова, ұйымдастырушы
Қазіргі таңда дрондар барлық салада қолданылады. Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы белгілі аймақты қарау. Балалар барлығын білсе үлкен жетістік болады. Мақсатымыз үйрету, көрсету, баулу. Ол оңай. Алдымен осындай симулятордан бастау қажет. Қымбат дрон алмаяқ.
Шараға облысымыздан 50-ден астам қатысушы жиналды. Байқау барысында олардың әрқайсысына үш мүмкіндік берілді. Компьютер арқылы дронды басқарып, арнайы белгіленген әуе жолымен өтуі тиіс болды. Негізгі талап қателіксіз әрі мүмкіндігінше қысқа уақытта аяқтау.
Раяна Шаймардан, қатысушы
Бүгінгі сайысым алғашқы сайыс. Кішкене қобалжу бар. Бірақ ойын қалай өтетіні қызық. Ойынға мен тәжірибе үшін келдім. Кішкентай кезімнен бері қатысамын. Басқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Бүгін тапсырма бұл маршрутты өтіп, финишқа жету. Тез уақытта жету керек. Кімнің уақыты аз болса сол жеңімпаз. Мақсатым бірінші болып жету.
Финалдық кезеңнің жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайды. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады. Ал жеңімпаздар ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Сабина Жолдаспаева