Құрылтай депутаттарына қойылатын талаптар қандай? Конституциялық комиссияның кезекті отырысында комиссия мүшелері өз ұсыныстарын айтты. Одан бөлек Үкіметтің кейбір өкілеттігін қысқарту, Конституцияның кейбір баптарын толықтыру сынды бастама көтерілді. Бір күнде екі отырыс өткізген Конституциялық комиссия, секцияларға бөлініп маңызды мәселелерге қатысты пікір алмасты.

Конституцияның преамбуласын қайта жазу ұсынылды

Отырыста Әділет министрі Үкіметтің кейбір өкілеттіктерін алып тастауды ұсынды. Яғни, Үкімет енді мемлекеттік бағдарламаларды бекітпеуі және мемлекеттік комитеттердің жұмысын тікелей басқара алмауы мүмкін.

Снежанна Имашева – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты

Конституцияның преамбуласы – жай ғана кіріспе емес, Ата заңның идеялық-моральдық өзегі. Ол – Конституцияның қабылдану мақсатын айқындап, елдің тарихи болмысын және ұлттық келбетін танытады. Мемлекеттің бағыт-бағдарын бекітеді әрі Конституцияның рухын түсінуге жол ашады. Сондықтан преамбула халқымыздың ғасырлар бойғы тарихи жолын қамтып, еркіндік, әділдік, теңдік, бірлік және жауапкершілік сынды іргелі құндылықтарға сүйенуі тиіс.

КОНСТИТУцияның 1-бабын жаңа тармақпен толықтыру ұсынылды

Одан бөлек, 1-бапты жаңа тармақпен толықтыру ұсынылды. Адам капиталы, білім, ғылым, инновация және мәдениет мемлекеттің стратегиялық негізі ретінде танылады. Жеке және отбасылық өмірге қол сұқпаушылықты қорғау тетіктері күшейтілмек. Депутаттар Құрылтайға қатысты ұсыныстарға тоқталды. Құрылтайдың өкілеттік мерзімі — бес жыл. Бұл лауазымға 25 жасқа толған азаматтар үміткер бола алады. Тағы бір айта кететін жайт Заң шығару бастамасына ие органдар саны артады. Ал Құрылтай қабылдаған заң 10 күн ішінде Президентке қол қоюға жіберілуі керек.

Айдарбек Қожаназаров – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты

– 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент жағдайында заңдар ұзақ талқылауларсыз, жедел қабылданады. Бұл Парламент мүшелерінің жауапкершілігін күшейтіп, шешімдердің уақытылы әрі нақты бекітілуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде демократиялық институттардың тиімділігі артады.

Ал Айдос Сарым Құрылтай депутаттарының өкілеттіктері 1,5 есеге артады, - дейді. Ол қолданыстағы Конституцияда Парламент палаталарының функцияларын нақты сипаттайтын 53-бап 13 тармақтан тұрғанын атап өтті.

Айдос Сарым – ҚР парламенті мәжілісінің депутаты

 Ал салыстырмалы кестеде ұсынылған жаңа редакцияда, 23 тармақ бар екеніне назарларыңызды аударғым келеді, яғни, өкілеттіктер көлемі бір жарым еседен астам артады. Бұл жаңа өкілеттіктердің барлығы жалпыұлттық референдумда мақұлданған жағдайда тиісті Конституциялық заңдар аясында нақтыланып, жүзеге асады.

 «Ақ жол» партиясы азаматтар мен бизнестің жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуді ұсынды. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері конституциялық реформа мемлекеттік билікті барынша ашық, қоғам алдында есеп беретін және азаматтарға жақын етуге бағытталған, – дейді. Айта кету керек, Конституцияға Құрылтай депутаттары министрлерді лауазымынан босататын норма енгізілуі мүмкін. Дегенмен бұл айтылып отырған нормалардың бәрі әзірге ұсыныс қана. Олардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.