Өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 240-тан астам қылмыс анықталып, 455 килограмнан аса психотропты зат тәркіленді. Полиция үш интернет-есірткі дүкенінің қызметін тоқтатып, наша жеткізудің 12 арнасын жойды. Бұл жөнінде полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары брифингте айтты.

Есірткіге қарсы іс-қимыл үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бұл заңсыз айналым жою, есірткі құралдарының қолжетімділігін төмендету, сондай-ақ қоғамда оның зиянды екенін түсіндіріп, саналы көзқарас қалыптастыру. Тәртіп сақшылары 455 келі есірткі тәркіледі. Оның ішінде 58 килограмм синтетикалық зат.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары

Былтыр өңірде 241 есірткіге қатысты заң бұзушылық анықталды. 116 есірткі сату дерегі, аса ірі көлемде сақтау бойынша 7 факт, құрамында наркотик бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 5 дерегі, оны заңсыз насихаттау мен жарнамалаудың 3 фактісі тіркелді. Сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Бұдан бөлек, 892 әкімшілік хаттама толтырылды.

Қоғамда заң мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымына қарсы жүйелі жұмыс жүргізеді. Адам санасын улайтын улы затты сатып, таратқан тұлғалар заң алдында жауап береді.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары

Қылмыс жасағаны үшін 72 азамат ұсталды. Есірткі сататын үш интернет дүкені және жеткізетін 12 арна тоқтатылды. Заңсыз есірткі айналымы мен тұтынуға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерге халықты тартатын контенттерді анықтау және блоктау бойынша кешенді шаралар жүргізілді. Өткен жылы тыйым салынған 2 мыңнан астам онлайн-ресурс бұғатталды.

Ауқымды операция Ақсу қаласында өтті. Онда ірі есірткі жасап, өндірген зертхана анықталып жойылды. Тінту барысында 130 килограм синтетикалық зат және шамамен екі тонна прекурсор тәркіленді.

Болат Нұрсейітов, Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Екі адам жауапқа тартылып отыр, екеуі де қамауда. Каннабис өсірілетін ұсақ фитозертханалар да анықталып жатыр.

Тек биылдың өзінде өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 21 қылмыс тіркелді. Оның 13-і есірткі сату фактілеріне қатысты болса, тағы біреуі аса ірі көлемде сақтау дерегі ретінде анықталды.

Әйгерім Тоқпанқызы