Ол өмірінің 55 жылын телеарнаға арнады. Журналист Зоя Леонидовна Бутэрус үшін облыстық телеарна екінші үйі болды. Ал мамандығы – бүкіл ғұмырының мағынасы. Бүгін отандық журналистика майталманы өз мерейтойын атап өтуде.
Павлодар облыстық телеарнасы Ертіс өңірінің шежіресі. Уақыт үні естілетін орда. Зоя Бутэрус осы орданың қазанында қайнаған жан.
Александр Рюмкин, Павлодар облысының құрметті азаматы
«Оның барлық бағдарламаларын көрдім. Ол жұмыстар облысымыздың қалай қалыптасқанын, қалай дамығанын, оған қандай адамдар ат салысқанын көрсетеді. Сол арқылы біздің тарихымызды зерттеуге болады. Ал адам ретінде ол, әрине, нағыз кәсіби маман. Меніңше, ол – телеарна мэтрі. Бұдан артық сөз таба алмаймын. Ол – ұлы маман».
Көп жылдар бойы Зоя Бутэрус өңірдің әлеуметтік-экономикалық өмірі жайлы баяндап, бағдарламалар жүргізді, облыстың ең маңызды алаңдарында еңбек етті. Алайда оның таланты әсіресе сұхбат жанрында айқын көрінді.
Александр Бичинёв, журналистика ардагері
«Тележурналист – бұл жай ғана журналист емес, ол арнаның әлпеті, бұрын солай айтатын. Зоя Леонидовна дәл сондай, жақсы мағынада, арнаның әлпеті болды. Талантты журналист. Ол көп адамға көмектесті, Әлі күнге дейін көмектесіп келеді».
Жұбайы Виктор Бутэрус телеоператор болды. Олардың шығармашылық бірлігі аймақтық теледидар тарихының бір бөлігіне, кәсіби және адами бірліктің үлгісіне айналды.
Вероника Вишневская, диктор
«Маған жаңалықтарға сюжет түсіру тапсырылды. Ол кәсә сол кезде өз бағдарламасын түсіріп жатты. Мен сізді алғаш көргенде “Құдайым-ау, бұл қандай әйел?!” деп таңдандым. Бұл әйел емес, ертегі кейіпкеріндей едіңіз. Сіз – кәсіби мамансыз. Сол кезеңде сізден тәжірибе алу бақыты маған бұйырғанына өте ризамын».
Көп жылғы еңбегі мен қаланың дамуына қосқан үлесі үшін 2024 жылы оған Павлодар қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Алайда ол үшін ең басты марапат – өмір бойы арнаған ісінің гүлденіп жатқанын көру. Бүгінде Зоя Бутэрус есімі Павлодар теледидары тарихына алтын әріппен жазылды.