Оқушылар сарайында қаржы саласы бойынша мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен интерактивті ойынның жеңімпаздары мараптталды. Қаржылық сауаттылық пен қауіпсіздікті насихаттайтын ойынды экономикалық тергеп-тексеру департаменті білім беру басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде алдымен мемлекеттік гимн орындалды. Сосын экономикалық тергеп-тексеру департаментінің маманы дропперлік турасында ақпарат берді. Онда дропперліктен қалай сақтануға болатындығы, алаяқтар қалай алдайтындығы, өз есепшотыңды заңсыз пайдалған жағдайда қандай жаза күтіп тұрғаны айтылды. Қазіргі уақытта қоғамда болып жатқан оқиғалардан мысалдар келтірілді. Оған көбінесе зейнеткерлер мен жасөспірімдер, студенттер ұрынып қалып жатқандығы айтылды. Артынша өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында Павлодар облысының мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында ұйымдастырылған «Қаржы сақшысы» ойынының жеңімпаздары марапатталды.

Алуа Қабдікәрім, қатысушы

Сайыс туралы айтсам мен үшін қиын болған жоқ. Сұрақтар оңай болды деп айтар едім. Математикалық және сауаттылық бағытындағы тесттер болды. Сосын ойын кезеңі ұйымдастырылды. Онда да тапсырмалар негізінен жеңіл болды. Екінші күні жаңадан тапсырмалар берілді. Онда қаржылық және банк саласы бойынша сұрақтар қойылып, тапсырмалар берілді.

«Қаржы сақшысы» ойын сайысына жиыны 20 мыңнан астам адам қатысқан. Оның 12 мыңы мектептерден болса, 10 мыңы колледждерден. Олар әр түрлі сынақтардан өтіп, тапсырмалар орындады.

Қазіргі уақытта интернет алаяқтығы өршіп тұрғаны белгілі. Бұнымен күресудің негізгі жолдарының бірі қаржылық сауаттылық пен жауапкершілік. Жеке деректерді құпия ұстау, күдікті әрекеттерден аулақ болу.