Елімізде қандастарды қабылдау арнайы квота арқылы жүзеге асады. Жыл сайын қабылдаушы өңірлер мен бөлінетін квота саны еңбек нарығының сұранысына қарай айқындалады. Биыл өңірімізге де қандастарды қабылдауға арналған арнайы жоспар бекітілген. Қоныс аударған азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетіліп, тұрғын үй, жұмысқа орналасу және бейімделу бағытында қолдау қарастырылған.

Әр өңірге бөлінетін квота көлемі жыл сайын өзгеріп отырады. 2025 жылы Павлодар облысына қандастарға арналған 1016 квота бөлініп, жыл соңына дейін толық игерілді. Ал, биыл облысқа 977 квота қарастырылған. Бүгінгі күні 58 адам көшіп келіп, квота аясында қандас мәртебесін алды.

Дулат Молдагельдинов, Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы

Келген қандастарға көшкен үшін әр отбасының мүшесіне 75 АЕК көлемінде ақша төленеді. Сонымен қатар, егер пәтер жалдайтын болса немесе коммуналдық төлемдер 1 жылға дейін мансап орталықтары тарапынан 15 АЕК-35 АЕК дейін төленетін болады. Қазір экономикалық ұтқырлық сертификаты бар. Соны да қолдануға болады. Егер үй алатын болса, ауылдық жерде бүгінгі таңда сертификаттың көлемі былтыр 1160 болса, биыл 1625ке ұлғайтылды. Бірақ, ережеге өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, биыл ауылдық жерлерде толық сумаға үй алуға болады.

Өңірімізге қандастардың басым бөлігі Қытай Халық Республикасынан, Өзбекстан мен Моңғолиядан, сондай-ақ Ресей Федерациясынан келеді. Көшіп келген азаматтар еңбек нарығында әлеуметтік қолдаулармен қамтылуда.

Сабина Жолдаспаева