Қазақстанда жүздеген адам күн сайын бір үмітпен өмір сүріп келеді. Ол – жаңа ағза, жаңа өмір. Алайда донорлық іс қоғамда әлі де толық қолдау таппай отыр. Былтыр елімізде жүзден аса әлеуетті донор тіркелгенімен, олардың санаулысы ғана нақты донорға айналған. Соның салдарынан мыңдаған науқас трансплантацияны күту парағында тұр. Донорлық неге дамымай жатыр, ал бір келісім қанша адамның өмірін сақтап қала алады? Толығырақ келесі сюжетте?

Бүгінде eGov порталында азаматтардың 145 мыңнан астам ерік білдіруі тіркелген. Оның ішінде 12 671 адам қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келіссе, 132 485 азамат ресми түрде бас тартқан. Мамандардың айтуынша, бұл – трансплантация саласындағы басты мәселелердің бірі.

Дмитрий Потеребух, Павлодар облысы бойынша трансплантация жөніндегі үйлестірушісі

Өткен жылдармен салыстыратын болсақ донорлық бойынша динамика бар. Мысалы 2024 жылы небәрі 6 донор болса, былтыр олардың саны 18-ге жетті. Яғни, үш есеге артты. Сондай-ақ, 2025 жылы қайтыс болған донорлардан 68 трансплантациялық операция жасалды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Биыл Алматы облысында бір мультиағзалық донорлық жағдай тіркеліп, бір донордан 5 ағза алынып, күту парағындағы науқастарға салынды.

Соңғы мәліметке сәйкес, елімізде трансплантацияны күту парағында 4 506 науқас бар. Оның ішінде балалар да кездеседі.Ағзаға деген сұраныс құрылымы мынадай:бүйрек трансплантациясы – 3 958 ересек және 94 бала;бауыр трансплантациясы – 230 ересек және 21 бала;жүрек трансплантациясы – 168 ересек және 7 бала;өкпе трансплантациясы – 23 ересек;жүрек-өкпе кешенін трансплантациялау – 4 ересек және 1 бала.

Дмитрий Потеребух, Павлодар облысы бойынша трансплантация жөніндегі үйлестірушісі

Қазір елімізде тірі донорлық жақсы дамыған. Алайда оның басты қиындығы – біз жақын туыстардың денсаулығына қауіп төндіреміз. Себебі адам бір бүйрегін немесе бауырының бір бөлігін береді. Уақыт өте келе, 10–20 жылдан соң сол донордың өзі ағза жеткіліксіздігіне тап болып, қайтадан күту парағына тұруы мүмкін. Тіпті, өзі ағза берген туысын да бірге әкелуі ғажап емес.

Жыл сайын трансплантацияны күту парағынан 300-ден астам адам ағза жетіспеушілігінен көз жұмады. Тек есепті кезеңнің өзінде бұл көрсеткіш 342 адамды құраған. Бұл қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Жанасыл Бақытжан, Павлодар облысының тұрғыны

Мен бүйрек ауруымен 3 жылдан бері ауырамын.3 жылдан бері Павлодарда биос орталығында гемодиализ аламын.Басында созылмалы бүйрек ауруынан басталып екі бүйрегім кішірейіп кетті. Бүгін мында келген себебім дәрігер келді деген сол кісіге мен өзімнің жағдаймды айтып бүйрек трансплантациясына кезекке тұрғыза ма деп келгенмін.

Павлодар облысында ағзаға мұқтаж 213 науқас бар. Өңірде қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа 510 адам келісім берген, ал 7 232 тұрғын бас тартқан. Бұл – еліміз бойынша байқалып отырған ортақ үрдіс.

Дильназ Қуанышбекқызы