Есірткі қылмысы жастарды да шылауына түсіріп, жаза басуға итермелеуде. Ал, заң жасқа қарамайды. Үлкен өмірге қадам баспай жатып, қаншама тағдыр бүлінуде. Павлодарда полицейлер оқушылар мен колледж студенттеріне арнайы фильм көрсетіп, жасөспірімдерді қате жолдан аулаққа шақырды.

Фильмде балалары қате қадамға барып, сарсаңға түскен ата-аналар сөйледі. Барлығы балаларының осындай жағдайға ұрынып жүргендіктерін тек полиция хабарлаған кезде ғана білгендіктерін айтады. Алыпұшқан жастықта кімнің де болсын албырт көңілі қателікке бейім тұрады. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін білу үшін барша қоғам жасөскіндерге түсіндіруі қажет. Бұл фильм осы мақсатта түсіріліп, көпшілікке көрсетілуде дейді ұйымдастырушылар.

Фильмді Павлодар қаласының мектеп оқушылары мен колледже студенттері, ата-аналар мен ұстаздар тамашалады. Статистика есірткі қылмысына байланысты жазаланатындардың 80 пайызы 16 мен 29 жас аралығындағы жастар екендігін айтады. Өткен жылы Павлодар облысында 87 адам жауапқа тартылса оның 4-еуі кәмелет жасына толмағандар.