Павлодар облысында жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілерге қатысты бақылау күшейтілді. Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған жүргізуші адамдарға міндетті түрде жол беруі тиіс. Алайда бұл талапты елемейтіндер аз емес.
Кейбір жүргізушілер арнайы жолақта өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерге жол бермей, олардың өміріне қауіп төндіреді. Осындай жағдайлардың бірі облыс орталығында Торайғыров көшесінде тіркелді. Audi автокөлігінің жүргізушісі жол бермей, жол қозғалысы ережесін бұзған. Аталған дерек бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері өңірде жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 130 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылған. Тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды барынша қырағы болуға шақырады. Жүргізушілер өткелде жылдамдықты азайтып, адамдарға жол беруі қажет. Ал жаяу жүргіншілер өткелден өтер кезде алдымен солға, кейін оңға қарап, жолдың қауіпсіз екеніне көз жеткізуі тиіс. Полиция жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жүгіріп шықпау керектігін де ескертеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ішкі істер органдары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жолдағы тәртіпті сақтауға басымдық береді. Құқық бұзған әрбір жүргізуші өз әрекеті үшін заң аясында жауап береді.
Сабина Жолдаспаева