Кенжекөл ауылы маңындағы «Яблонька» бау-бақша қоғамының тұрғындары бірнеше жылдан бері жанданған республикалық тас жолды қауіппен кесіп өтуге мәжбүр. Бұл аумақтағы он жаяу жүргінші өткелінің тек біреуі ғана бағдаршаммен реттелген.
Жуырда осы өткелдердің бірінде жол-көлік оқиғасы болып, 13 жастағы бала ауыр жарақаттан ауруханада көз жұмды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлар бұл жерде жыл сайын қайталанады. Олар жол қозғалысын реттеу үшін талай рет тиісті органдарға жүгінген.
Болат Омарханов, Павлодар қаласының тұрғыны
Мына пешеходтан өтіп бара жатқанда бізді қағып кетті. 30метрдей жерге барып тоқтады, сосын қашып кетті. Аяғым сынды, басым жарылды.1,5 ай жаттым больница да екі күн жан сақтау бөлімінде жаттым.
Осы өткелдің кесірінен тағы бір тұрғын зарлап шекті. Былтыр қаңтар айында ол көліктастында қалып, ауыр жарақаттар алды. Жарты жыл ем қабылдап, нәтижесінде мүгедектік алған.
Гаухар Бердіғожина, Павлодар қаласының тұрғыны
Светофордың жоғы то что кешке жақын освещение жоқ, то болады то болмайды. А мені күндіз қағып кетті ғой. Күндіз қандай освещение керек оған.Күндіз светофор керек бізге. Көлік тоқтамайды.Камаз өтеді автобус өтеді түк көрінбейді.
Тұрғындар ауқымды жобалар мен қымбат жол айрықтарын талап етпейтіндерін айтады. Оларға ең болмағанда балаларға, қарттарға және саяжай тұрғындарына жолды қауіпсіз кесіп өтуге мүмкіндік беретін қарапайым қозғалысты реттеу қажет дейді. Олардың пікірінше, бір-екі жұмыс істейтін бағдаршамның өзі апат қаупін айтарлықтай азайтып, адамдарға қауіпсіздік сезімін қайтарар еді. Алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Себебі бұл жол республикалық маңызы бар. «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторының қарауында. Ал аталған мекеме полицияның ұсынымдарына қарамастан, нақты қадамдар жасауға асығар емес.
Арман Қарыбаев, Павлодар облысы полиция департаментінің жол-техникалық инспекциясының аға инспекторы
Бұл жол республикалық маңызы бар болғандықтан, біз ұлттық оператор – «ҚазАвтоЖолдың» атына нұсқама жолдадық, өйткені жолдың иесі әрі қызмет көрсетушісі солар. Бізге 2025 жылы қаржы бөлу мәселесі қаралатыны жөнінде жауап келді. Алайда осы уақытқа дейін бұл жаяу жүргінші өткелі орнатылған жоқ.
«Яблонька» бау-бақша қоғамында шамамен 500 жеке үй бар, мұнда жүзден астам бала тұрады. Олар күн сайын бұл жолды бірнеше рет кесіп өтеді. Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, облыста бағдаршамы жеткіліксіз осындай учаскелер аз емес.
Сауле Шакенева, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл
Аударма!Павлодар маңында мұндай бау-бақша қоғамдары бір емес. Осындай жағдайларда өмір сүріп жатқан жүздеген бала күн сайын өз өмірін қауіпке тігуде. Реттелмеген жаяу жүргінші өткелінің болуы – бұл анық қауіп. Қазір біз бастан өткеріп отырған баланың өлімі, егер тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде жауап берілгенде, болмас еді.
Сонымен қатар, «Яблонька» бау-бақша қоғамының тұрғындары электрмен жабдықтаудағы үзілістерге де шағымдануда. Олардың айтуынша, елді мекенді жарықпен қамтамасыз ететін кешенді трансформаторлық қосалқы станция бұрын тұрғындардың ортақ қаражатына сатып алынған. Алайда уақыт өте келе ол күтпеген жерден жеке меншікке өтіп кеткен екен.
Дильназ Қуанышбекқызы