Павлодарда ҚР Ұлттық ұланының волейбол бойынша чемпионаты қорытындыланды. Бірнеше күнге жалғасқан жарыста Петропавл қаласынан келген Ұлттық ұлан академиясының командасы жеңіске жетті.

Әскер қатарында жүрген жауынгерлердің жан-жақты дағды үйреніп, спортқа жақын болғаны маңызды. Осы ретте ҚР Ұлттық Ұланы кезекті спорт додасын қолға алды. Әскерилер волейболдан жарысып, жеңіс үшін күресті.

Рахат Сейдуалла, Ұлттық ұлан академиясының 4-курс студенті

Аталмыш жарысқа «Орталық», «Батыс», «Шығыс», «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы және Астана қаласының 5573 әскери бөлімі, «Қаракемер» 6654 әскери бөлімдері қатысты. Чемпионатта Ұлттық ұлан академиясы жақсы нәтиже көрсетіп, 1 орынға ие болды. Алдағы уақытта біздің команда ІІМ ұйымдастыратын жарысқа қатысатын болады.

Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық Ұлан академиясының сарбаздары бірінші орынға ие болды. Екінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығы және үздік үштікті астаналық 5573 әскери бөлімі түйіндеді.

Жандос Жамбылов, Астана қаласы 5573 әскери бөлімінің сарбазы

Жалпы ойынға келетін болсақ, ойын өте жоғары дәрежеде өтті. Өзіме қатты ұнады. Барлық жарыс жоғары деңгейде өтті. Басшылыққа рахмет. Алдағы жарыста жоғары нәтиже көрсетеміз деген үміттеміз.

Айта кетейік, чемпионатта жеңіске жеткен Ұлттық Ұлан академиясы наурыз айында Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған жарысқа жолдама алды.

Самал Қалиқызы