Баянтау спорт сарайында 24-ші спартакиада аясында әскери қызметшілер арасында волейболдан чемпионат басталды. Бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы ұйымдастырған алғашқы ресми біріншілік. Додаға еліміздің әр өңірінен үздік деп танылған командалар жиналды. Ойын барысын тамашалап қайтқан тілшіміз жалғастырады.
Жарыстың мақсаты сарбаздардың дене дайындығын жетілдіріп, салауатты өмір салтын насихаттау. Әр өңірде алдын ала іріктеу кезеңдері өтіп, ең мықты ойыншылар осы чемпионатқа жолдама алған. Бұл жарыста үздік шыққан әскери қызметшілер наурыз айында өтетін Ішкі істер министрлігінің чемпионатында Ұлттық ұланның намысын қорғайды.
Әсет Байсбаев, ҚР ұлттық ұланының дене дайындығы және спорт бөлімінің офицері
24 спартакиада шеңберінде волейболдан чемпионат өтіп жатыр. Чемпионатта бізде оңтүстік, батыс, орталық, шығыс, Ұлттық Ұлан академиясы, 5573 Астана гарнизонының құрама командалары жарысқа келді. Бұл жарыс Ұлттық Ұланның бірінші чемпионаты болып есептеледі.
Чемпионатқа еліміздің әр аймағынан келген сарбаздар қатысты. Барлығы 7 команда өзара мықтыны анықтайды. Әскери қызметшілер жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Сұлтан Ырзағазиев, Ақтау қаласы 6656 әскери бөлімінің сарбазы
Жарыс жақсы деңгейде басталды. Бізді жақсы күтіп алды алғашқы күннен бастап. Сондықтан мен Павлодар қаласының әскери бөліміне алғысымды білдіремін. Батыс өңір қолбасшылығында алғашқы жарысымыз өтті. Сол жақта іріктеліп, өзіміздің командамыз жинақталды. Ұлттық Ұлан жарысына келіп тұрмыз.
Чемпионат үш күнге жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және арнайы мадақтама қағаздары табысталады.
Сабина Жолдаспаева