Жалған ақпаратты анықтайтын құрылғы арқылы тексеріс қалай жүргізіледі? Оны алдауға бола ма? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біздің түсірілім тобы облыстық Полиция департаментінің жедел-сараптамалық бөлімінде ұзақ жылдан бері еңбек етіп жүрген маманға жолықты. Криминалистика қызметі мен мамандық ерекшелігі туралы тілшіміз Сабина Жолдаспаева баяндайды.
Юрий Духновский криминалистика саласына бірден келген жоқ. Ол еңбек жолын 16 жыл бұрын Екібастұз қаласында тергеуші болып бастаған. Төрт жылдан кейін сараптамалық бөлімге ауысқан. Арнайы білім алып, тәжірибелі әріптестерінен үйренген. Қазір ол бірнеше бағыт бойынша сараптама жүргізеді.
Юрий Духновский, Павлодар облысы полиция департаментінің жедел-криминалистика басқармасының криминалисі
Маған полиция қызметкері болу және азаматтарға көмек көрсету ұнайды. Бала күнімде детектив жанрындағы кітаптарды көп оқыдым. Сол шығармалар мені осы мамандықты таңдауға жетеледі. Қазіргі уақытта мен зерттеудің бес бағыты бойынша жұмыс жүргіземін. Олар – суық қаруды зерттеу, саусақ іздерін сараптау, іздерді салыстырмалы талдау, атыс қаруы мен оқ-дәріні зерттеу, сондай-ақ адамның психофизиологиялық жағдайын бағалау. Менің қызметтік міндетіме оқиға орнына бару, жағдайды толық тіркеу, айғақ заттарды анықтау және алу, саусақ іздерін табу және қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді жинақтау міндетін атқарамын.
Жұмыстың бір бөлігі – күдіктілерді өтірікті анықтайтын құрылғы арқылы тексеру. Өткен аптада мұндай тексерістен үш адам өткен. Әр зерттеу мұқият дайындалады. Алдымен іс құжаттары қаралып, сұрақтар нақты әзірленеді. Тексеру бірнеше сағатқа созылады. Құрылғы адамның тыныс алуын, жүрек соғысын, қан қысымын тіркейді.
Юрий Духновский, Павлодар облысы полиция департаментінің жедел-криминалистика басқармасының криминалисі
Өтірікті анықтайтын құрылғы шындықты тікелей анықтамайды. Ол адамның жалған айтуы мүмкін екенін көрсететін физиологиялық өзгерістерді тіркейді. Егер адам қобалжыса немесе шындықты жасыруға тырысса, оның тыныс алу ырғағы, жүрек соғысы, қан айналымы және тері реакциясы өзгереді. Адам мұндай өзгерістерді толық бақылауда ұстай алмайды. Сондықтан бұл ауытқулар маманға анық байқалады. Егер адамның оқиғаға қатысы болса, құрылғы тиісті реакцияларды көрсетеді.
Мұндай зерттеу нәтижесін сот өзі бағалайды. Екі жыл бұрын осы тәсіл арқылы қарақшылық шабуыл дерегі бойынша іс ашылған. Кінәлі адамдар жауапқа тартылған. Дегенмен бұл қызметтің ауыр тұстары бар.
Юрий Духновский, Павлодар облысы полиция департаментінің жедел-криминалистика басқармасының криминалисі
Оқиға орнына барып, балалардың мәйітін көру – өте ауыр. Мұндай жағдай адамға қатты әсер етеді. Қайғыдан қан жұтқан ата-ананы көру одан да қиын.
Маманның айтуынша, криминалист мамандығы көп күшті талап етпейді. Алайда жауапкершілігі жоғары. Ал, қиын сәттерде оған отбасының қолдауы демеу болады.
Сабина Жолдаспаева