Павлодар ауданында өнерді серік еткен ерекше ұжым бар. Бұл – ауылдың абыройын асқақтатып жүрген әжелер мен аталардан құралған хор. Жастары зейнетке шыққанымен, жүректері жас, өнерге деген құштарлықтары әлі де жалындап тұр. Толығырақ әріптесім Байтұрсын Жұмабай әңгімелесін.

Ауыл ішінде «Арай» атанып кеткен бұл топтың құрамында саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған қариялар бар. Бірі – ұстаз, бірі – есепші, енді бірі – дәрігер болып еңбек еткен жандар. Бүгінде оларды біріктіретін ортақ дүние – ән мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік.

Өнерпаздар тек ауыл ішінде ғана емес, көршілес елді мекендерді де аралап, түрлі мәдени шараларға қатысып жүр. Оған қоса, халықаралық сайыстарда да жүлдегер атанған.

Айта кетейік, ұжымның ең үлкен мүшесі – 88 жаста. Ауыл тұрғындары қариялардың бұл бастамасын ерекше қолдайды. Себебі, олар тек ән айтып қана қоймай, бірліктің, татулықтың үлгісін көрсетіп жүр.

Байтұрсын Жұмабай