Павлодар облысында азаматтық қоғамның дамуына үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың еңбегі жоғары бағаланды. Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай өңірде ауқымды дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесу мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор өкілдерінің басын қосқан ашық диалог алаңына айналды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, үкіметтік емес ұйым өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде азаматтық сектордың қоғам өміріндегі рөліне тоқталды. Өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың маңызы зор екенін жеткізді. Шара барысында азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған соңғы үш жылда жүзеге асқан бастамалардың қорытындылары жарияланды.

Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

Үкіметтік емес ұйымдар ел дамуына зор үлес қосып келеді. Олар әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып, қоғамда оң өзгерістердің қалыптасуына ықпал етуде. Сіздердің еңбектеріңіз – азаматтық қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі күн – үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін тағы бір мәрте айқындайтын маңызды мереке. Сіздер адам құқықтарын қорғау, қоршаған ортаны сақтау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келесіздер. Сіздер адамдарды біріктіріп, игі бастамаларға ұйытқы болып жүрсіздер. Қоғамда мейірім мен әділдіктің артуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Істеріңізге табыс, бастамаларыңызға қолдау тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын.

Жиын барысында үздік үкіметтік емес ұйымдар марапатталды. Әлеуметтік жобаларды табысты жүзеге асырған, халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді араласқан азаматтарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйақылар табысталды.

Үкіметтік емес ұйымдар өңірдің әлеуметтік, мәдени және экологиялық дамуына белсенді қатысады. Олар халықтың түрлі санаттарына қолдау көрсетіп, маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Сондықтан мұндай кездесулер азаматтық қоғам институттарын дамытуда ерекше маңызға ие.

Сабина Жолдаспаева