Аймағымыздың рухани қара шаңырағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры көрерменге жаңа қойылымын ұсынды. Спектакль «Балам, қашан келесің?...» деп аталады. Қарттар үйіндегі қариялардың үміті, уайымы, өкініші жайындағы қойылымды әріптесім Жұлдыз Қабылденова тамашалап қайтты.

Босағаға телміре қарап, жақындарын сағынышпен күтіп отырған қарттардың көңілдерінде үміт пен мұң астасып жатады. Есіктің әрбір сықыры «Мені алып кетуге келді ме екен?» деген үмітті оятып, жүректі толқытады. Міне, қарттар үйіндегі осындай тағдырлар, қоғамдағы осы бір өзекті мәселе жаңа спектакльдің өзегі болды. Оны сахналау үшін танымал режиссер, актер Жұлдызбек Жұманбай шаһарымызға арнайы келген.

Жұлдызбек Жұманбай, спектакльдің қоюшы режиссері

 «Сәкен Сыбанбай ағамыздың «Үміт үйі» деген әңгімесінің желісінде. Сәкен ағамыз ұсыныс тастап, осыны бір пьеса, драма етіп жазып беруімді өтініп, соны жазып беріп, осы театрға ұсындым. Бұл спектакльге бір жарым айдай уақыт кетті. Бұл жерде бүкіл осы Аймауытов театрының ұжымы қатысады, бүкіл труппа қатысады. Бұл – драма. Бұл жерде неден бастаймыз, отбасы құндылығы, отбасының жылулығы жоғалып бара жатқаны – осы жайында, осы жөнінде айтылатын спектакль»

Қойылымның басты кейіпкерлері –қарттар үйін паналаған алты қария. Олар бұл жерге қалай тап болды? Тағдырдың қандай соқпағы оларды осында тоғыстырды? Қартайған ата-ана перзентін кешіре ала ма? Қойылым осы секілді күрделі сұрақтарға жауап іздейді.

Рауза Тәжібаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі

 «Біздер дайындық барысында қарттар үйіне бардық. Барсақ, біздің өзіміздің қаракөз апаларымыз жүр сол жерде. Жүрегіміз жыртылды, жүрегіміз ауырды. Бірақ біз осы мінекей спектакльге қолдандық. Жалпы енді өзімнің рөлім туралы айтатын болсам, мұнда баласы алдап тастап кетеді. Алдап, тастап кетеді. Алдап, үйін сатқызып, әкеліп тастайды да, өздері сол жерде тұрып жатады баласы мен келіні екеуі. Бұл қазақ ұлтына, қазақ баласына, қазақтың қазіргі жастарына сабақ деп ойлаймын. Осыдан кейінгі жастарымыз сабақ алып, ата-анасын қадірлесе, құрметтесе»

Ата-анаң барында қадірін білмесең, кейін өкіну кеш. Бұл қойылым көрерменге осындай терең ой салып, жан дүниесін тебіренткен әсерлі туынды болды. Спектакль аяқталған сәтте жиналған қауым орындарынан тік тұрып, қошеметтерін аямады. Сонымен қатар, облыс әкімі Асайын Байханов тарапынан ықылас гүлі табысталды.

Жұлдыз Қабылденова