Облыс орталығында мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті. Тұрғындар өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, мамандардан кеңес алды. Толығырақ әріптесім баяндайды.
Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі игі дәстүрге айналып, тұрақты түрде өткізіліп келеді. Әрбір шараға түрлі саладағы мемлекеттік мекемелер қатысып, тұрғындарға өз қызметтерін ұсынады.
Мөлдір Құлмағамбетова, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бас маманы
«Бүгін мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бастамасымен облыс тұрғындары үшін білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік істер, жер қатынастары, сәулет, әлеуметтік қорғау және халықтың көші-қоны салалары өкілдерінің, сондай ақ «атамекен» кәсіпкерлер палатасының қатысуымен мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өткізіліп жатыр. Осындай шаралар департаментпен жиі өткізіліп отырады. Әр шарада әртүрлі саладағы мемлкеттік мекемелерді шақыруға тырысамыз»
Шарадағы өзекті мәселелердің бірі – жеке кәсіпті ашу, тіркеу және жабу бойынша сұрақтар. Сала маманы 1 қаңтардан бастап Салық заңнамасына өзгеріс енгені және 28 ақпанға дейін салық салу режимін таңдау керек екенін атап өтті. Жеке кәсіпкер оны «eGov» порталы, «e-Salyq Azamat», «e-Salyq Business» қосымшалары, сондай-ақ банктердің мобильді сервистері арқылы жүзеге асыру алады.
Сәуле Ахтанова, Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы
«Бүгін, мысалы, бір азамат өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде қалай тіркелуге болатыны жөнінде сұрақпен жүгінді. Қолданыстағы Үкімет қаулысына сәйкес рұқсат етілген 44 қызмет түрі бекітілген. Олардың қатарында шаштараз қызметі, такси қызметі және басқа да қызмет түрлері бар. Азаматтар «e-Salyq Business» және басқа мобильді қосымшалар арқылы тіркеле алады. Қосымшада салық салу режимін таңдай алады. Таңдау жасалғаннан кейін жүйе автоматты түрде тұлғаны өзін-өзі жұмыспен қамтыған салық төлеуші ретінде тіркейді.»
Айта кету керек, мемлекеттік қызметтердің сапасын артыру және азаматтардың шағымдарына ден қою үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа құралды іске қосты. Тұрғындар «egovkzbot2.0» ресми телеграм-бот арқылы уәкілетті органға сұрағы, ұсынысы немесе өтінішін жібере алады. Осы платформа арқылы департаментке 50-ден аса өтініш келіп түскен.
Мөлдір Құлмағамбетова, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бас маманы
«Өтініш беруші балаға төлқұжат алу мүмкіндігі болмағаннан кейін департаментке шағым жазған болатын. Бұл шағым АХАт пен көші-қон мекемелері арасында интеграция болмағанынан пайда болған. Департаменттің араласуынан кейін аталған мәселе бойынша жүйеге түзетулер енгізіліп, азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді. Жалпы департмент «egovkzbot2.0» телеграм-бот платформасына келіп түскен 23 өтініш расталып, өтініш бойынша азматтардың құқығы қалпына келтірілді»
Шараға барлығы 50-ге жуық тұрғын қатысып, мәселелері бойынша кеңес пен сұрақтарына жауап алды. Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі алдағы уақытта да жалғасын табады.
Жұлдыз Қабылденова