Достық үйінде квазимемлекеттік және мемлекеттік сектор ұйымдарындағы комплаенс қызметтерінің өкілдері қатысқан дөңгелек үстел өтті. Жиында былтырғы жұмыстың қорытындысы шығарылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды. Сондай-ақ, құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу шаралары сөз болды.

Комплаенс қызметі – квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оның алдын алумен айналысатын құрылым. Негізгі мақсат – заң бұзушылықтарға жол бермеу, ашықтық пен адалдық қағидаттарын орнықтыру. Мамандар тұрақты түрде талдау жүргізіп, ішкі және сыртқы мониторинг жасайды.

Ерғанат Абисаликов, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықты алдын алу басқармасының басшысы

Қазіргі кезде жалпы 84 комплеанс қызметкерлеріне талдау жүргізілді. Талдау нәтижелерімен олардың арасында кейбірі сыртқы талдау, ікшкі талдауды жүргізілмейтіні анықталды. Алдағы уақытта да жұмыс жүргізілетін болады. Бұл әдістемелік тәжірибе алмау болып табылады.

Кездесуде лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік мәселесі де кеңінен талқыланды. Мамандар бұл мәселе өзекті бола түскенін атап өтті. Жиын барысында тәуелділіктің пайда болу себептері, оның алдын алу жолдары және заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары түсіндірілді.

Азат Шахманов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Құмар ойындарға тәуелділік қоғамға елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан аталған мәселе үнемі назарда. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер толық түсіндірілді. Департамент мамандары күн сайын еңбек ұжымдарында, білім беру мекемелерінде және жоғары оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Дөңгелек үстел комплаенс қызметтерінің жұмысын жүйелеу, өзара тәжірибе алмасу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін күшейту мақсатында ұйымдастырылды. Мамандар адалдық пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екенін атап өтті.

Сабина Жолдаспаева