Облыс орталығында жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Ауа-райы қолайсыздығына байланысты толыққанды жөндеу жүргізілмейді. Қазіргі таңда жедел түрде ыстық асфальтпен шұңқырлы жөндеу жұмыстары атқарылуда. Биыл асфальтбетон зауыттары әдеттегіден ерте іске қосылды.

Ең алдымен жөндеу жұмыстары Академик Сәтбаев, Естай, Катаев, Баян Батыр, Қайырбаев және Жібек жолы көшелерінде, сондай-ақ қалаға кіреберістер мен трамвай өткелдерінде жүргізілуде. Айта кетейік, бүгінде Академик Сәтбаев, Естай көшесінің Сәтбаевтан Машһүр Жүсіпке дейінгі бөлігі және Жібек жолы көшесінде жұмыстар аяқталды. Ал Естай, Машһүр Жүсіп және Катаев көшелерінде жөндеу әлі де жалғасып жатыр.

Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету және технологиялық талаптарды сақтау мақсатында жөндеу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен жол жабыны қар мен мұздан тазартылады, кейін кептіріледі. Осыдан соң асфальтбетон қоспасы тек құрғақ негізге төселеді. Түнгі уақытта ауа температурасының төмен болуына байланысты жұмыстар күндіз атқарылады. Қазіргі таңда үш бригада, жалпы саны 30 адам жұмыс істеуде. Негізгі жөндеу көлемі тұрақты оң температура орнаған кезде көктемде жүзеге асырылады.

Павлодар қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша шұңқырлы жөндеу жұмыстары сәуір айының соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері 109 қызметі немесе әкімдіктің әлеуметтік желілері арқылы қабылданады.

Дильназ Қуанышбекқызы