Қазіргі уақытта облыс бойынша тасқынның алдын-алу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, Железин ауданында қар әлі еріп бастаған жоқ. Осы орайда ауданда 20-21 наурыз күндері жасөспірімдер мен балалар арасында шаңғы жарысы бойынша облыстық чемпионат өтті. Железин ауданы бәсекені екінші жыл қатарынан қабылдап отыр. Толығырақ тілшіміз – Жұлдыз Қабылденова баяндайды.
Екі күнге созылған шаңғы жарысы тартысқа толы болды. Алғашқы күні жас спортшылар командалық спринт бойынша сынға түсті. Ал екінші күні эстафеталық жарыста мықтыны анықтады. Биыл мұндай жарыс екінші рет ұйымдастырылды және осы жолы маусымның аяқталуына орай өткізілді.
Евгений Кисляков, жарыстың бас төрешісі
«Бұл – биылғы қыста ұйымдастырылып отырған екінші облыстық чемпионат. Бірінші чемпионатымыз қаңтардың басында ұйымдастырылған. Ол ақпан айының соңы мен наурыз айының басында Щучинск қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатына іріктеу болды. Онда облыс құрамасы өнер көрсетті. Осы Железинка ауылының спортшысы Данил Акифьев сол жарыста күміс медаль жеңіп алды. Жалпы, Павлодар облысындағы шаңғы жарысы спорты туралы айтар болсақ, ең мықтылары – Железин ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары, Ақсу қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары және облыстық мектеп-интернаттың оқушылары. Барлығы қазір жарысқа қатысып, бақ сынауда.»
Чемпионатқа облыстың 5 ауданынан 91 жас спортшы жиналды. Барлығы өзіне сенімді, жеңіске жетуден үмітті. Олардың қатарында жас болса да, тәжірибелі спортшы Әлихан Болатов та бар. Жақында ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен ол осы жолы да үздіктер қатарынан көрінді.
Әлихан Болатов, чемпионат қатысушысы
«Шаңғы жарысымен 10 жылдан аса уақыт айналысамын. Жаңа ғана командалық спринтті өттік. Жарыс мен үшін де, менің командаласым үшін де сәтті өтті. Бірінші болып келдік. Атмосфера жақсы болды. Жарыс, дайындық, трасса – бәрі керемет.»
Ұйымдастырушылар жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Шаңғышылар жақсы дайындықпен келгендерін көрсетіп, әр кезең қызу бәсекеге толы болды. Мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинауына және шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Жұлдыз Қабылденова