Қазақстанның ұлттық футбол құрамасы FIFA Series турниріндегі алғашқы ойынынла Намибия құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, сәтті бастады. Ал еліміздің жастар құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына дайындалуда. Жастар құрамасының сапында Павлодар клубының бес ойыншысы бар.
Алдағы екі үй матчына Қазақстан жастар құрамасына «Ертіс» клубының бес футболшысы шақырылды. Олар: қақпашы Мирас Рихард, қорғаушы Рамазан Кәрімов, жартылай қорғаушылар Темірлан Ағыманов, Вячеслав Раскатов және Мирас Оматай.
Владимир Чебурин, Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы
Біз Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында болған ойыншыларға көбірек арқа сүйедік. Жастар деп қана емес, толыққанды ойыншы ретінде қарастырдық. 21 жас дегініміз негізінен ерлердің жасы. Қазақстан Премьер-лигасының жаттықтырушыларымен байланыста болып, ақпарат жинадым. Таңдау кездейсоқ емес, ойыншылар жай ғана тізімге енгізілген жоқ. Біз бұл жігіттерге де, басқа командалардағы ойыншыларға да үміт артамыз. Бәсекеге қабілетті, мықты команда жасақтағымыз келеді.
Сіздер Ағымановты трибуналардың қалай қарсы алғанын көрдіңіздер ме? Өте қатты қолдау болды. Ол өте талантты ойыншы. Жалпы бізде талантты жастар көп. «Ертіс» клубының оларға ойын уақытын беруі — олардың дамуына, өсуіне үлкен үлес қосады.
Бір жағынан, бір топ ойыншының бірден ұлттық құрамаға шақырылуы — үлкен мәртебе. Екінші жағынан, олар клубтың жаттығу үдерісінен уақытша алыстайды.
Кирилл Альшевский, «Ертіс» ФК бас жаттықтырушысы
Егер таза жеке мүдде тұрғысынан қарасақ, әрине, барлық ойыншылардың командада қалғанын қалар едім. Бірақ ел намысын қорғайтын футболшы — мейлі ұлттық, жастар немесе жасөспірімдер құрамасы болсын — баға жетпес тәжірибе жинайды. Біріншіден, бұл біздің клуб үшін жақсы. Екіншіден, олар тәжірибемен қатар белгілі бір сенімділікке ие болады,— бұл да біз үшін плюс. Өз ойыншыларының дамуын қалайтын жаттықтырушы ретінде мұндай шақырту — тек пайда екенін айтқым келеді. Қажет болса, Қазақстан құрамалары үшін бүкіл команданы беруге дайынмын. Құрама жаттықтырушыларымен сөйлескенде, әр футболшы туралы толық әрі сапалы мәлімет беремін.
2027 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде D тобында Қазақстан құрамасы бес матчтан кейін 4 ұпай жинап, әзірге 6-орында тұр. 27 наурыз күні Түркістанда біздің жастар құрамасы Словакия құрамасымен, ал 31 наурызда Ирландия құрамасымен кездеседі.