Естай атындағы мәдениет сарайында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаевтың шығармашылық кеші өтті. Ұлыстың ұлы күні өткен концертке Ертіс-Баян жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері жиналды. Концерт барысында ақынның «Ғалымшар» кітабының тұсауы кесілді.

Алашқа танылған арқалы ақынның щығармашылық кеші наурыздың тамылжыған кешінде Ертіс жағасындағы Естай мәдениет сарайында өтті. Қара сөз бен қазақ жайлы, қазақтың тарихы жайлы ән мен жырға құлақ қоюға жұртшылық жиналды.

Нұршат Нұрғалиева, ардагер ұстаз

Өте керемет, кіші пейіл. Білімі терең. Айтқан сөздерінен бүкіл тарихты білесің. Бүкіл Қазақстанның тарихын жаттап алған бала сияқты. Жас кезінде «Шаңырақта» жүрді ғой. Ол кезде мен немерелерімді биге апарам. Сол уақытта көз алдымда өскен Аспанбек қазір біздің нағыз қуанышымыз.

Атағы алысқа жеткен ақынның кешіне сонау Астана қаласынан келген көрермендер де бар.

Гүлнар Төлеубаева, Астана қаласының тұрғыны

Астанадан осы концертке келуге құмар болдым. Павлодардың үлкен сахнасында көрейік, естиік деп апалармен бірге келім осында.

Оқылған өлең, айтылған ән ел мен жердің тарихы мен тағдыры, қазақ даласының кербез табиғаты жайлы. Азаматтық үн мен асқақ поэзия астасқан кеш барсында халдық тағы бір қуаныштың куәсі болды. Қазақ химия ғылымының негізін қалаушы әйгілі академик Әбікен Бектұров жайлы «Ғалымшар» поэмасының тұсауы кесілді.

Алтынбек Нухұлы, ҚР парламенті сенатының депутаты

Аспанбек академиктің 125 жылдығы келіп жатқанда поэма жазам дегенде шын қуандық. Химияның тілін поэзияға келтіру екінің бірінің қолынан келмейді. Мен осы уақытқа дейін қаншама поэма оқыдым. Бірақ, химияның тілін, терминдері поэзияға салып өрнектеген еңбекті тағы да Аспанбек жасап отыр.

Осылай деп жылы лебізін білдірген Алтынбек Нухұлы ақынның кеудесін Қаныш Сәтбаев атындағы медальды табыстады. Концерт өзге де әнші, ақын қонақтардың арнайы әкелген бағдарламасымен де әрленді.