Железин ауданының орталығында стритболдан тартысты жарыс өтті. Облыстың түрлі ауданынан келген спортшылар өзара мықтыны анықтап, алаңда шеберліктерін көрсетті.
Наурыз мейрамын тойлау шеңберінде Железинка ауылында спорттық бәсеке ұйымдастырылды. Мұнда түрлі ауданнан келген командалар стритбол турнирінде бақ сынасты.
Владимир Лампартер, жарыстың бас төрешісі
«Ұйымдастырушылар – Железин ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі. Олар жыл сайын біз үшін 5-6 ірі турнир өткізіп, түрлі сапарларды да ұйымдастырып келеді. Осындай қолдау үшін зор алғысымызды білдіреміз. Железин ауданында жыл сайын баскетбол және стритболдан ерлер мен әйелдер арасында турнирлер өтеді. Бүгінгі додаға да әйелдер және ерлер командалары қатысуда. Жарысымызға Успен, Ертіс және Ақтоғай аудандарынан спортшылар арнайы келіп отыр. Баршаңызды көргенімізге қуаныштымыз. Ең мықты команда жеңіске жетсін. Бізді де жарыстарға шақырыңыздар, біз әрдайым қатысуға дайынбыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!»
Турнирге 16 жастан асқан жасөспірімдер мен ересектер қатысты. Әйелдер арасындағы жарыста 4 команда жүлделі орындарды сарапқа салды.
Қарлығаш Рахманқұлова, жарысқа қатысушы
«Мен баскетболмен мектептен бастап айналысамын. М. Дулатов атындағы мектепке жұмыс істеймін дене шынықтыру мұғалімі болып. 2018-де жұмысқа орналасып, сол күннен жылда баскетбол, стритболмен жарысқа қатысамыз. Облыстық жарыстарда бірінші орын алып келдік. ДЮСШ командасымен ойнадық – жеңіске жеттік. Келесі команда – Ақтоғай. Қарсылас команда ойыншылары – жақсы ойыншылар, жақсы ойнайды. Сонда да біз жеңілмейміз деп ойлаймыз»
Ал ерлер жарысына 8 команда қатысып, мықтыны анықтады. Олардың қатарында Ақтоғай ауданының құрамасы да бар.
Таир Әубәкіров, жарысқа қатысушы
«Железин ауданына стритбол бойынша алғаш рет келіп отырмыз. Бұған дейін негізінен баскетбол жарыстарына қатысып жүрген едік, осы жолы стритбол турниріне де қатысуды ұйғардық. Күн сайын дерлік жаттығамыз. Командамыз –облыстық жарыстардың жүлдегерлері мен чемпиондары қатарында. Әрине, бірінші орыннан үміттіміз. Жалпы, біз жарыстарға әрдайым фаворит ретінде келіп, жүлделі орындардан көрінуге тырысамыз. Бүгін де сол дәстүр жалғасады деп сенеміз.»
Жалпы, ауданда стритболдан жарыс өткізу дәстүрге айналған. Басты мақсат – өңірде салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа деген қызығушылықты арттыру.
Жұлдыз Қабылденова