Павлодар қаласындағы 99225 әскери бөлімінде атыс дайындығы бойынша оқу-жаттығу өтті. Әскери қызметшілер қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға қажетті дағдыларын шыңдады.

Атыс алаңы мен оқу орындары – дайындықтың негізгі орны. Әскери қызметшілер қарумен жұмыс істеу тәсілдерін пысықтайды. Жаттығудың мақсаты әскерилердің кәсіби деңгейін көтеріп, күнделікті қызметте қажет болатын тәжірибелерін жетілдіру.

Қадыржан Сәрсенбаев, 1-сыныпты сержант

Бүгін 2026 оқу жылына арналған жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, 99225 әскери бөлімінің жеке құрамымен атыс дайындығы өткізілуде. Жаттығу барысында бақылау атысының 4-ші жаттығуы орындалып жатыр. Әр әскери қызметші белгіленген тапсырманы орындап, нәтижесі бағаланады. Жалпы 50-ге жуық адам қатысуда. Оның ішінде атысты ұйымдастыратын жауапты қызметкерлер де бар. Қазір жеке құрам тапсырманы жақсы деңгейде орындауда. Алдағы уақытта нәтижені одан әрі жақсартып, «өте жақсы» деңгейге жеткізу жоспарланып отыр. Бағалау талаптарына сәйкес, 13 оқ беріледі: 3-і сынақ, 10-ы есепке алынады. 65 ұпай – қанағаттанарлық, 75 – жақсы, 85 ұпай – өте жақсы нәтиже болып саналады.

Жаттығу кезінде қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріледі. Әрбір әскери қызметші атыс алдында міндетті түрде нұсқамадан өтеді және дайындығы тексеріледі. Мұндай жаттығулар жеке құрамның кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, бөлімшелер арасындағы үйлесімділікті де нығайтады.

Сабина Жолдаспаева