Бүгін Ертіс телеарнасында алыстан келген айрықша қонақтар болды. Олар Баян-Өлгей аймақтық қазақ радиосының ұжымы. Арнамыздың таңғы бағдарламасына қатысып, тарихы терең радионың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтып берді.
Қонақтардың айтуынша, Баян-Өлгейдегі қазақ радиосы 1965-жылдан бері жұмыс істейді. Сол уақыттан бері Баян-Өлгей ғана емес, тұтас Монғолиядағы қазақтардың ортақ ақпарат айдыны, үні деуге болады. Күнделікті жаңалықтардан бөлек, мәдени-ағартушылық бағытта да ұжым үлкен еңбек атқаруда.
Нұрболат Өнерханұлы, Баян-өлгей аймақтық бұқаралық радиосының директоры
Негізгі екі мақсатымыз бар. Біріншісі аймақ, ел, халықаралық деңгейдегі мерзімдік ақпаратты халыққа жеткізу. Екіншіден, біз бұны өте маңызды санаймыз, Монғолия қазақтарының тілін, мәдениетін сақтауға, дамытуға үлес қосу. Сондықтан, біз рухани қара шаңырақпыз. Осылайша, ағартушылық міндетіміз тағы да бар.
Радио ұжымында 20 ға жуық адам қызмет етеді. Тілшілердің саны 7-еу. Одан бөлек, режиссер, бас редактор лауазымдары еңбек етуде. Техникалық мамандар да бар.
Жарқын Бәкелқызы, Баян-өлгей аймақтық бұқаралық радиосының журналисті
Алдағы уақыттағы мақсатымыз өзіміздің Баян-Өлгей аймағындағы ақпаратты қалай таратып жатырмыз, сол жайында сіздерден алатын тәжірибелеріміз бар. Көптеген жлспарларымыз бар. Көптеген тәжірибелер алып жатырмыз.
Бүгінгідей ақпарат айдыны дамыған, мүмкіншілік мол уақытта Павлодар облысындағы ақпарат тарату тәжірибесі алыстағы қазақ радиосы үшін маңызды екендігін айтты қонақтар.