Елімізде ауқымды Decentrathon (Децентратóн) 5.0 хакатоны бастау алды. Жаңа технологиялардың мүмкіндігін танытып, жас мамандарға қолдау көрсетуді мақсат еткен жоба Қазақстанның 20 қаласында қатар өтуде. Павлодарда бұл сайыс қалай басталды? Бұл туралы келесі сюжеттен көрейік.

Хакатон Digital Qazaqstan халықаралық технологиялық форумы аясында өтуде. Ашылу салтанатынан кейін қатысушылар негізгі екі бағыт – АІ және Blockchain тректері бойынша демеуші компаниялар ұсынған тапсырмаларды алды. Кейін орындап, кәсіби дағдылары мен креативті ойлау қабілеттерін көрсетеді.

Нұргүл Джумадиева, «Pavlodar hub» директоры

«Децентратон жастарға өз әлеуетін ашып, қабілеттері мен дағдыларын нақты көрсететуге мүмкіндік береді. Мұнда қатысушылар тапсырмаларды қалай орындайтынын, ойлау жүйесі мен логикасын айқын танытады. Соның нәтижесінде жастарды жұмыс берушілер байқап, болашақта қызмет ұсынуы мүмкін. Жалпы алғанда, мұндай іс-шаралар өңірдегі хакатон мәдениетінің даму деңгейін көрсетеді.»

Павлодар – елімізде қатысушылар саны бойынша алдыңғы қатарда. Спикердің айтуынша, сайысқа шамамен 60 команда құрамында жалпы саны 111 қатысушы тіркелген.

Азизбек Татенов, сайысқа қатысушы

«Біздің команда екі адамнан құралған, олар – мен және менің әріптесім. Бұл жарысқа екінші рет қатысып отырмыз: бұған дейін шамамен екі жыл бұрын Децентратон 2.0-ге қатысқанбыз. Дайындығымызға келетін болсақ, алдымен өз білімімізге сенім артамыз. Биыл жасанды интеллект бағытын таңдадық. Жүлделі орынға ие болу үшін барымызды салуға ниеттіміз. Бакалавриатта оқып жүргеннен бастап, хакатондарға қатысып келеміз. Біз – computer science факультетінің студенттеріміз, сондықтан түрлі жобамен айналысып, стартаптарға қызығушылық таныттық. Нақты жасанды интеллект бағытымен шамамен жарты жыл бұрын айналыса бастадым. Университетімізде AI зертханасы бар, мен сол зертхананың жетекшісімін. Қазіргі университет үшін бірқатар жобаны жүзеге асырып жатырмыз.»

Хакатон 5 сәуірге дейін жалғасады. Кейін бір ай ішінде Қазақстан бойынша әр бағыт бойынша үздік үштік анықталады. Айта кету керек, әр тректің жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайды.

Жұлдыз Қабылденова