6 сәуір күні елімізде тергеу органдары қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл – қылмыстың бетін ашып, әділдікті орнатуға үлес қосып жүрген мамандардың кәсіби мерекесі.
Павлодар қаласының полиция басқармасында қызмет ететін тергеуші Мейірхан Аманжол бұл салада 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол мектеп бітірген соң Қарағанды ІІМ академиясына оқуға түсіп, кейін жолдамамен тергеу бөліміне келген. Айтуынша, бұл мамандықты бала кезінен армандаған.
Мейірхан Аманжол, Павлодар қаласы ПБ тергеу бөлімінің тергеушісі
Тергеуші болғым келді, себебі бұл жұмыс – бәрін зерттеп, әр іске мұқият қарап, дәлелдерді іздеуді талап етеді. Сол себепті бала кезімнен осы мамандық маған ұнайтын. Қазір осы қызметте 10 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келемін. Бала күнгі арманым бүгінде мамандығыма айналды.
Тергеушінің жұмысы – қылмыстың «пазлын» құрастыру іспетті. Олар оқиға орнында айғақтарды тіркейді, жәбірленушілер мен куәлардан жауап алады, сараптамалар тағайындайды және күдіктінің кінәсін дәлелдеу үшін қажетті құжаттарды жинайды.
Мейірхан Аманжол, Павлодар қаласы ПБ тергеу бөлімінің тергеушісі
Көбіне жеке тұлғаға және мүлікке қарсы қылмыстар тіркеледі. Яғни, ұрлық пен ауыр дене жарақатын келтіру фактілері жиі кездеседі. Қазіргі таңда интернет-алаяқтық деректері көбейіп отыр, мұндай арыздар өте көп түседі.
Әріптестерінің айтуынша, Мейірхан Аманжол – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәжірибесі мол маман. Ол тек тергеу жұмыстарында ғана емес, жас қызметкерлерді үйретуде де үлгі.
Альмира Қасқабаева, Павлодар қаласы полиция басқармасының штаб бастығы, полиция майоры
Полиция майоры Аманжол Мейірханды әріптес ретінде шамасы 10 жылдай танимын. Тергеуші ретінде сауатты, жұмысында тиянақты қызметкер ретінде білемін. Бүгін 6 сәуір тергеушілер күні барлық әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын.
Тергеушілер – заң мен тәртіптің сақталуына үлес қосып жүрген маңызды мамандық иелері. Олардың еңбегі қоғамдағы қауіпсіздік пен әділдіктің кепілі.
Дильназ Қуанышбекқызы