Бір қосымша – жүздеген тапсырманы бақылауда ұстай ала ма? Павлодарлық 11-сынып оқушысы Игорь Мартынюк дәл осы сұраққа жауап тауып, күнделікті цифрлық мәселені жеңілдететін жасанды интеллект көмекшісін жасап шығарды. Оның жобасы бүгінде шетелдік сарапшылардың назарын аударып отыр. Толығырақ тілшіміз Сабина Жолдаспаева баяндайды.
Игорь Мартынюк бағдарламалауға 9 жасында қызыға бастады. Ол спорттық бағдарламалау мен веб-әзірлеуді меңгерген. Өткен жылы өз қосымшасын жасау идеясы жеке тәжірибесінен туындаған. Ол бір уақытта бірнеше тапсырманы бақылау қиын екенін байқаған.
Игорь Мартынюк, 11-сынып оқушысы, «Tabai» қосымшасының авторы
Менің байқағаным – барлық жұмыс әртүрлі цифрлық ортада шашырап жатады. Соның бәрін бақылау қиын. Сол себепті мен арнайы қосымша жасадым. Бұл жүйе адамның барлық цифрлық әрекеттерін түсінеді. Мессенджерлер, қоңыраулар, тапсырмалар – бәрін біріктіреді. Қосымша қажетті ақпаратты өзі жинап, есте сақтайды. Ал тапсырма орындалған кезде оны автоматты түрде белгілейді. Себебі жасанды интеллект оның орындалғанын анықтай алады.
Осылайша, қолданушының барлық цифрлық ортасындағы ақпаратты біріктіретін көмекші пайда болды. Игорьдің жобасына әлемдегі ең танымал компаниялардың бірі – уай Combinator да қызығушылық танытқан.
Игорь Мартынюк, 11-сынып оқушысы, «Tabai» қосымшасының авторы
Мені сұхбатқа арнайы ұсыныссыз, тек қызығушылықпен шақырды. Сұхбат өте қарқынды өтті. Кейін олар менің әлі жас әрі тәжірибем аз екенін айтты. Бірақ стартап-мектеп бағдарламасына қатысуға шақырды. Бұл екі күндік оқу. Одан кейін қайта сұхбат өткізіп, күзгі бағдарламаға қабылдауы мүмкін.
Стартап қаржылай қолдауға да ие болды. Жобаға 35 мың доллар көлемінде инвестиция тартылды. Сонымен қатар Google компаниясынан инфрақұрылымды дамытуға грант берілген.
Игорь Мартынюк, 11-сынып оқушысы, «Tabai» қосымшасының авторы
Қосымша қазірдің өзінде дайын. Өткен жаздан бері қолданушылар саны өсіп келеді. Қазір шамамен 20 мың адам пайдаланады. Жазда бұл көрсеткіш 10 мың болған. Алынған қаражат серверлерді жалға алуға, жасанды интеллект қызметтерін төлеуге жеткілікті. Бұл қаржы тағы бір-екі жылға жетеді деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, Игорь жасанды интеллект саласындағы қарқынды дамып келе жатқан Cursor компаниясының амбассадоры атанды. Енді ол Қазақстан мен Орталық Азияда әзірлеушілер қауымдастығын дамытуға үлес қоспақ.
Игорь Мартынюк, 11-сынып оқушысы, «Tabai» қосымшасының авторы
Қазір үйренудің ең тиімді жолы – бірден тәжірибе жасау. Мысалы, жасанды интеллекті бар бағдарламалау ортасын ашып, бірдеңе жасап көру керек. Егер ойын жасағыңыз келсе, бірден бастап кетіңіз. Не істегіңіз келетінін білсеңіз болды. Мысалы, «суда жүзіп жүрген акула жаса» деп сұрасаңыз, жүйе оны жасап беріп, қалай жасалғанын да түсіндіреді.
Қарапайым идеядан басталған жоба бүгінде мыңдаған қолданушыға көмегін тигізуде. Ал жас өнертапқыш үшін бұл – тек бастамасы. Алда оны жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жобалар күтіп тұр.
Сабина Жолдаспаева