Өңірімізге елордалық Жастар театры гастрольдік сапармен келді. Өнер ұжымы Павлодар мен Екібастұз көрермендеріне үш түрлі қойылым ұсынады. Алғашқы спектакльдің көрсетіліміне арнамыздың түсірілім тобы қатысып қайтты.

Гастрольдік сапар аясында Жастар театры жергілікті көрерменге «Құдалар», «Сүйікті етші, сүйіктім» және «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты үш қойылымын дайындап әкелді. Сахна шымылдығы «Құдалар» атты комедиялық спектакльмен түрілді.

Азамат Есқұлов, жастар театрының әртісі

 «Үшінші сәуірден бастап, жетінші сәуірге дейін осы Павлодар қаласы және Екібастұз қаласында гастрольдік сапардамыз. Өзіміздің театрымыздың жақсы қойылымдарын алып кетіп отырмыз. Уахитовтың «Құдалар» деген комедиясы бүгін жүрді. Бұл жерде мен Әбдісаламды ойнаймын. Маған бұл рөлді шығару өте қиын болған жоқ, өйткені мен қазақ ақсақалының рөлін ойнаймын. Ақсақал болғанда, шал емес – үлкен кісі. Ал енді менің қарсыласым Жандәулет Батай өзбек Момынды ойнайды. Оған өзбекше сөйлеуге тура келді. Бірақ енді екеуміз бір-бірімізге жақсы жарастық. Актерлік, партнерлік жағынан өте жақсы келді. Қазір көрерменнің сүйіп көретін, тамаша қол соғатын қойылымына айналды»

Оқиға желісі бойынша, қырық жыл көрші тұрған екі отбасы құдандалы болуға келіседі. Екі үйдің арасын бөліп тұрған дуалды бұзбақ болғанда, астынан алтын табылады. Күтпеген жерден келген байлық олардың арасына іріткі салып, көршілер алтынды бөлісе алмайды. Соның салдарынан олар әбігерге түсіп, түрлі қиындық мен тосын жағдайға тап болады. Қойылым көрерменге күлкі сыйлай отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы түрде жеткізеді.

Әділ Ахметов, жастар театрының әртісі

 «Бұл «Құдалар спекталінің негізгі айтары, мақсаты – достық жайында. Сондай-ақ, әрине, көптеген оқиғалар қозғалады. Комедия күлдіре отырып, халыққа ой тастайды. Ол жерде мен енді Сейтмәлік деген алаяқтың рөлін сомдаймын. Қазір енді алаяқтық деген кеңінен қанат жайып кетті ғой. Жалпы екі көрші алтын тауып алып, сол алтынға талас, дүниеге келген кезде адамның мінезінің өзгеруі, алтынның буы деген дүние бар. Сол алтынның буы ұрған кезде адам қалай өзгереді, қандай болады – соған көрермен куә бола алады»

Қойылым ән мен биге де бай болды. Бұл көрерменге ерекше әсер сыйлап, сахна көркін арттыра түсті.

Спектакль көрермен көңілінен шықты. Жиналған қауым орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетті. Сондай-ақ театр ұжымына облыс әкімі Асайын Байхановтың ықылас гүлі табысталды. Кеш соңында Жатсар театры директорының міндетін атқарушы Мақпал Мыса павлодарлық көрерменге, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының басшылығы мен ұжымына алғысын білдіріп, естелік сыйлық тарту етті.

Мақпал Мыса, жастар театры директорының міндетін атқарушы

«Елордалық театрдың өнер сапары барысында атқарған үйлестіру жұмыстарыңыз театр өнерінің дамуына және беделінің артуына ерекше әсер етті. Сізге және театр ұжымына шығармашылық табыс, зор денсаулық және алдағы жұмыстарыңызға жаңа жетістіктер тілейміз. Астана қаласынан шауып жеткен ақ боз атымызды қабыл алыңыз.»

Жұлдыз Қабылденова