Тазалық әр адамнан басталады. Осындай ұранмен Ақтоғай ауданының тұрғындары плоггинг форматындағы экологиялық шараға қатысты.
Шара басталар алдында қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әуен ырғағымен сергіту жаттығулары өткізілді. Кейін қатысушылар төрт топқа бөлініп, белгіленген бағыттар бойынша жолға шықты. Экологиялық шара 1500-ге жуық тұрғынның басын қосты. Атап айтқанда, акцияға оқушылар, мекеме және кәсіпорын қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын белсенді азаматтар қатысты. Негізгі шара аудан орталығы — Ақтоғай ауылында өтті.
Самат Секенов, Ақтоғай ауданы экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Ақтоғай ауылында «Таза Қазақстан» акциясы аясында плоггинг форматындағы іс-шара өткізіліп жатыр. Аталған іс-шараның мақсаты ауылдық елдімекендердің аумақтарын абаттандыру. Аталған іс-шара ауданның барлық елдімекендерінде өткізілуде.
Плоггинг-жүгіру Ақтоғай ауылының шетінде қорытындыланып, нәтижелері шығарылды. Қатысушылар бірлесе отырып, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға өз үлестерін қосты. Жиналған қоқыс арнайы орындарға уақытылы шығарылды. Аталған шара — бірліктің, жауапкершіліктің және туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісі болды. Осындай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырады дейді тұрғындар.