Успен ауданы Лозовое ауылының тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, дәрі алу үшін қалаға не аудан орталығына баруға мәжбүр еді. Енді бұл мәселе өз шешімін тапты. Ауылда жаңа дәріхана ашылды. Ауыл ішінде дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы халықтың денсаулығын сақтауға ғана емес, уақыт пен қаражатты үнемдеуге де мүмкіндік береді.

Ауылда дәріхананың болмауы тұрғындарға қиындық тудырып, өзекті мәселеге айналған еді. Бұл түйткіл өңір басшысының халықпен кездесуінде көтеріліп, нәтижесінде мәселені 2026 жылдың бірінші тоқсанында шешу жөнінде нақты тапсырма берілген.

Болат Баймулдинов, Лозов ауылдық округінің әкімі

«Жылымыз сәтті басталды. 21 наурыз күні, яғни Наурыз мейрамының алғашқы күнінде ауылымызда дәріхана пункті ашылды. Бұл мәселе соңғы екі жыл бойы өзекті болып, шешімін күтті. 2024 жылы жергілікті дәріханашы ғимараты жаңа енгізілген еуропалық талаптарға сай келмегендіктен, өз кәсібін тоқтатуға мәжбүр болған. Аталған мәселе облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтеріліп, кейін аудан әкімінің қолдауымен алға жылжыды. Нәтижесінде инвестор табылып, биыл бұл түйткіл толық шешімін тапты. 21 наурыз күні дәріхана пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл жаңалық ауыл тұрғындарын ерекше қуантты. Осы игі істің жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматқа шынайы алғысымызды білдіреміз.»

Бүгінде ауылда жергілікті атқарушы органдар мен инвесторлар қолдауымен жаңа дәріхана жұмыс істеп тұр. Ол әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды нысанына айналды.

Жанель Смағұлова, Лозовое ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы

«Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Мен Успен ауданы қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде бұл сұрақты шамамен төрт рет талқылауға шығардым, бас дәрігерді де тарттық. Одан кейін мәслихатқа жүгіндік, прокуратураға өтініш жасадық, өзім де жеке қабылдауға барғанмын. Денсаулық сақтау министрлігіне де хат жазылды. Қоғамдық кеңесте де бірнеше мәрте көтерілді. Ақпан айында өткен есептік кездесуде аудан әкімі Нұрболат Абылайханұлы бұл мәселе түбінде шешілетінін айтып, уәдесін берді. Кейін сол уәде орындалып, инвесторларды тартты. Біз бұл іске қолдау көрсеткен жандарға зор алғысымызды білдіреміз. Олар – ауылға шын ниетімен көмектескісі келген азаматтар Ержановтар отбасы – Қанат пен Зүлфия.»

Дәріханада тұрғындарға қажет барлық негізгі дәрі-дәрмек түрі жеткілікті көлемде ұсынылған.

Ольга Струкочева, фармацевт

«Екі жыл үзілістен кейін мен сүйікті жұмысыма қайта оралдым. Біз бір айға жуық уақыт жұмыс істеп жатырмыз. Дәрі-дәрмектерді аудан орталығынан және қаладан жеткіземіз, қолма-қол ақшамен де, банктердің QR-кодтары арқылы да төлем жасауға болады. Барлық өтінішті орындауға тырысамыз, тапсырыстар тез өңделеді, 1–2 күн ішінде қажетті дәрі-дәрмектер дәріханаға жеткізіледі.»

Бұл нысанның ашылуы тұрғындар үшін көптен күткен маңызды оқиға болды. Енді олар дәрі-дәрмек алу үшін басқа елді мекендерге бару қажеттілігінен арылды.

Иван Сологуб, Лозовое ауылының тұрғыны

«Ауылымызда дәріхананың ашылғанына өте қуаныштымын, оны көптен бері күттік. Бұрын кейбір дәріні сатып алу, жеткізу жағынан қиындықтар болатын. Қазір, дәріхана ашылғаннан кейін, бәрі әлдеқайда жеңілдеді – келіп, қажетті кез келген дәріні сатып алуға болады.»

Александр Резенченко, Лозовое ауылының тұрғыны

«Әрине, дәріхана жоқтығы қатты байқалатын. Бұл – ауылымызға керек әрі маңызды дүние. Ауылдың барлық тұрғыны дәріхана ашылғанына риза деп ойлаймын.»

Лозовое ауылында дәріхананың ашылуы тұрғындар өтініштерінің нақты шешімін табатынын, ал билік пен бизнестің бірлескен жұмысы халық игілігіне нәтиже беретінін көрсетті.

Жұлдыз Қабылденова