Май ауданында 300-ге жуық оқушы ауқымды құқықтық фестивальге қатысты. Шара аясында жас өрендер білімі мен шығармашылық қабілетін түрлі бағытта көрсетіп, құқықтық мәдениетті насихаттауға белсенді атсалысты.
«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «Тәртіпті ұрпақ – қауіпсіз қоғам» атты құқықтық фестиваль ұйымдастырылды. Аталған шараның мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға деген құрметі мен қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін нығайту.
Руслан Еңсебаев, Май ауданы білім беру бөлімінің басшысы
«Ең бірінші біз балалардың өздеріне деген жауапкершілігін арттырамыз. Екіншіден, олардың құқықтық санасын, құқықтық тәрбиесін жұмылдыруға атсалысамыз. Үшіншіден, олар өздерінің жауапкершілігін және бүгінгі қоғамда ең басты құндылықтың – адамды қастерлеу және біреудің ар-намысына тимеу, мемлекетті қорғау деген тақырыпта ой түйетін болады. Бүгінгі шараға мектеп оқушыларынан бөлек біз аудандық бірнеше бөлім басшыларын шақырып отырмыз, оның ішінде прокуратураның мамандары болады, полиция бөлімінің, ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысатын болады.»
Шараға 13 мектептен 300-ге жуық оқушы жиналды. Олар 5 бағыт бойынша фестиваль тақырыбын ашты. Бастауыш сынып оқушылары арасында сурет көрмесі ұйымдастырылып, онда заң, тәртіп, буллингтің алдын алу тақырыптарындағы шығармашылық жұмыстар ұсынылды. Кейін орта буын оқушылары арасында театрландырылған қойылымдар сайысы өтті.
Аделя Воробьева, А. Иманов атындағы жалпы орта білім беру лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы
«Біз мәдениет үйіне келіп отырмыз. Біз «Жыл басы» деген жемқорлық туралы қойылым қоямыз. Оның маңызы – біз балаларға жемқорлықты, дауласпауды түсіндіргіміз келеді. Алдын ала келісім, дауласу, бір-бірлеріне қарсы шығып, «мен көремін», «мен көремін» деп – солай көрсетеміз жемқорлықты»
Бұдан кейін пікірсайыс турнирінің финалдық кезеңі ұйымдастырылды. Дебат тақырыбы – «Қатаң жаза ма, әлде тәрбие ме?». Қатысушылар көзқарасын дәлелді түрде ұсынып, осы мәселені жан-жақты талқылады.
Амира Болатова, Е. Мұқашев атындағы ЖОББМ 8-сынып оқушысы
«Дебат үйірмесінен біз финалдық аудандық дәрежеге өттік. Мен және менің спикерім құқық бұзушылық жастар арасында тәрбие немесе жазаның арасында пікірталас ойынын ойнаймыз. Біздің бұл маңызымыз – қазіргі таңда балаларға құқықбұзушылық жасаған кезде, оларды тәрбиелеп және де жақсы дәрежеде ойын көрсеткіміз келеді»
Бұған қоса мектеп президенттері арасында білім ордасының болашағы, ондағы қауіпсіздік және буллингтің алдын алуға бағытталған жобаларды қорғау байқауы мен флешмоб ұйымдастырылды.Үздік жұмыстардың авторлары дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болып, барлық қатысушыға алғыс хаттар табысталды.
Жұлдыз Қабылденова