Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Солнечный кентіне барып, тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында азаматтардың көкейде жүрген коммуналдық, су, жарық бойынша сұрақтары ортаға тасталды. Толығырақ тілші сюжетінде.
Солнечный кенті Екібастұз әкімі халықпен дәстүрлі кездесулер аясында барған алғашқы елді мекен болды. Биыл кенттің құрылғанына 40 жыл толып отыр. Бұл жиын алдағы мерекелік іс-шараларды ғана емес, күнделікті өзекті мәселелерді де талқылауға жақсы мүмкіндік болды.
Әдеттегідей, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер аз болған жоқ. Сұрақтардың басым бөлігі кентті абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, жолдардың сапасы, көше жарығы және бар мүлікті сақтау мәселелеріне қатысты болды. Үй жанындағы ағаштарды кесу сауалы да ортаға тасталды.
Осылайша Екібастұз әкімі Аян Бейсекин көтерілген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. Кейбір мәселелер жедел бақылауға алынды, ал енді бірін шешу үшін уақыт қажет деді. Сонымен қатар ерекше ұсыныстар да айтылды.
Бұдан бөлек, маңызды тақырыптардың бірі — шыбын-шіркеймен күрес сұрағы да талқыланды. Кент тұрғындары үшін бұл мәселе өзекті. Себебі, Солнечный кентінде Сәтбаев атындағы канал мен көл бар. Бұл ашық су айдындары шыбын-шіркейдің көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады. Елдімекендегі тағы бір өзекті мәселе — кент әкімін сайлау. Бұл мәселені шұғыл түрде шешу қажет. Аян Бейсекин тұрғындарға лайықты үміткерлерді ұсынуды ұсынды.
Самал Қалиқызы