Павлодар қаласында балалар-жасөспірімдерге арналған «Athletic» футбол клубының жаттықтырушысы, балалар спортының дамуына зор үлес қосқан бапкер Әлібек Жүсіповке арналған мемориалдық тақта ашылды. Өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған маманның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталмақ.

Әлібек Жүсіпов Павлодарда дүниеге келген. Жастайынан футболға қызығып, спорт мектебінің тәрбиеленушісінен кәсіби ойыншы әрі жаттықтырушыға дейінгі жолдан өтті. Ондаған жас футболшыны тәрбиелеп, олардың қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жетуіне үлес қосты.

Жаңаберді Жүсіпов, Әлібек Жүсіповтың әкесі

Әлібек командасымен бірге Астана қаласына жарысқа жолға шыққан. Астанаға жетпей, жолда көлік апаты болды. Жүргізуші басқа көлікті басып озамын деп, басқаруды игере алмай, қоршауға соғылған. Сол сәтте Әлібек жанында отырған баланы қорғап, өз өмірін қатерге тікті.

Ол ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін де спорттан қол үзбей, күш-жігерін балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға арнады. 2023 жылы UEFA сертификатын алып, өзінің кәсіби деңгейін дәлелдеді.

Жаңаберді Жүсіпов, Әлібек Жүсіповтың әкесі

Мен оны бес жасынан бастап орталық стадионға ертіп бардым. Қызмет бабымен сол жерде қоғамдық тәртіпті қадағалап жүретінмін. Жеті жасынан футболмен тұрақты айналыса бастады. «Қайрат» Алматы жасөспірімдер құрамасында ойнады. Кейін «Ертіс» Павлодар клубында өнер көрсетті. 2006 жылы «Қайрат» сапында Қазақстан чемпионы атанды. 2010 жылы «Ертіс» құрамында ел чемпионатының қола жүлдегері болды. Ол өте дарынды, болашағы зор бала еді.

Бүгінде әріптестері мен шәкірттері оның есімін ұмытпай, жыл сайын дәстүрлі турнирлер ұйымдастырып келеді. Бұл – ұстаз еңбегіне деген құрметтің белгісі.

Мемориалдық тақтаның ашылуы – балаларға өмірін арнаған жанға деген алғыс пен құрметтің айқын көрінісі. Әлібек Жүсіповтің есімі Павлодар футболының тарихында мәңгі сақталады.

Сабина Жолдаспаева