«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Шарбақты ауданына қарасты Шалдай ауылында ауқымды табиғатты қорғау шарасы өтті. «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері оқушылармен бірлесіп орман алқаптарын тазалап, ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Толығырақ алдағы сюжетте.
Шара барысында оқушылар орман өсімдіктерінің түрлерімен танысты. Қатысушылар фототұзақ құрылғысымен жабайы жануарларды табиғи ортада бақылау тәсілдерін білді. Оқушылар орман дақылдарын қолмен отырғызу жұмыстарына қатысып, ағаш егудің қыр-сырын үйренді.
Қанат Егембердиев, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының ғылыми-әдістемелік бөлімінің аға қызметкері
Бүгін біз дала жұмыстарында қандай құрал-жабдықтармен жұмыс істейтінімізді көрсетеміз. Қандай жағдайда, қай жерде пайдалану керек. Қазіргі таңда бізде көктемгі гүлдері гүлдеп жатыр. Олардың ішінде екі түрі қызыл кітапқа енген. Сол себепті дәл қазір сол гүлдерді жұлмауға насихаттау, оқушыларды соларға тәрбиелеу, тәлім беру секілді сондай жұмыстарды жүргіземіз.
Резерват аумағында өсімдіктердің 300-ден астам түрі кездеседі. Оның ішінде жүзге жуық түрі дәрілік қасиетке ие. Мамандар бұл өсімдіктердің табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын түсіндіріп, оларды қорғау қажеттігін атап өтті.
Арман Жүнісов, «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының мониторинг бөлімінің жетекшісі
Қазіргі уақытта резерват аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ерекше қорғауға алынған өсімдік түрлері бар. Бүгінде далада көктемгі гүлдеу кезеңі басталды. Атап айтқанда, сарыбас шөп, ашық қызғалдақ тәрізді өсімдіктер мен шығыс сібірлік ұйқы шөбі гүлдеп тұр.
Мұндай табиғатты қорғау шаралары жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Сабина Жолдаспаева