Павлодар жұртшылығы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін кең көлемде атап өтті. Негізгі мерекелік шаралар Конституция алаңында ұйымдастырылып, өңір басшысы да тұрғындармен бірге мейрам қуанышына ортақтасты.

Алаңда «Бейбітшілікке тілектер» атты арнайы стенд орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтары ізгі ниеттерін жазды. Сонымен қатар, жас суретшілер өз туындыларын ұсынып, кейбірі асфальтқа сурет салу арқылы өнерлерін көрсетті. Қонақтардың назарын әсіресе ұлттық нақыштағы киіз үйлер аударды. Солардың бірінде Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі «Халықтар мәдениеті – ортақ мұра» атты көрме ұйымдастырып, түрлі этностардың ұлттық киімдері мен дәстүрлі бұйымдарын таныстырды. Ал «Әуен әлемі: халықтар үндестігі» атты экспозицияда әртүрлі халықтардың музыкалық аспаптары қойылып, келушілер түрлі аспаптармен танысты.

Кристина Ярочкина, «Somang» кәріс жастар қозғалысының төрағасы

Біз бүгін мәдениет сарайының алдында кәріс елінің дәстүрлі кучучум биін билейтін боламыз. Бұл мереке өте маңызды себебі ол халықты бір-бірімен жақындастырады. Адамдар өзге ұлт өкілдерінің мәдениетінмен танысады. Біздің басты ұранымыз біз әртүрлі ұлтпыз бірақ біз бірміз.

Мерекелік концерттік бағдарлама да ерекше әсер қалдырды. Естай атындағы мәдениет сарайының алдында оқушылар сарайы, музыкалық колледж және Достық үйінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Көпшіліктің ерекше ықыласына ие болған – «Made in KZ» тобының өнері.

Қала тұрғындары да мерекенің маңызын ерекше атап өтті.

Айнұр Каненова, Павлодар қаласының тұрғыны

Мен бүгінгі праздникке келіп отырмын бүгін. Маған ұнайды, жыл сайын келемін. Халық өз өнерін көрсетеді.бірлік күні баршамызға құтты болсын. Еліміз аман-жұртымыз тыныш болсын.

Сонымен қатар, алаңда балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық жұмыстары да ұсынылды.

Олег Зозуля, балалар техникалық мектебі үйірмесінің педагогы

Біздің оқушылар «Қала болашағы» атты жобаларын таныстырып жатыр. Бұл – балалардың өз қолымен жасаған креативті жұмыстары. Цифрландыру дәуірінде осындай бастамалар арқылы біз де үлес қосудамыз.

Мерекеге өзге өңірлерден келген қонақтар да куә болды.

Жандаулет Ердос, қала қонағы

Біз осы павлодар облысына жарыс бойынша келіп отырмыз. Дәл мейрамға тап түсіп мейрамды қалай тойлап жатқанын көрудеміз, Барлығы өте керемет , осылай қарсы алып жатқандарыңызға көп рақмет.

Қолөнер шеберлері де өз туындыларын көпшілікке ұсынды.

Нұрлан Мұхамеджанов, қолөнер шебері

Қазір тнек осындай дүниелермен айналасымаз,алдығы уақытта қаламыздың түрлі жерлерін монета арқыылы көрсеткіміз келеді. Бірлік күні кұтты болсын.

Осылайша, Павлодарда өткен Бірлік күні мерекесі татулық пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды.

Дильназ Қуанышбекқыз