Құрамында апиын қалдықтары бар жүздеген келі көкнәр тұқымы арнайы өндірістік пеште өртеліп, жойылды. Өртелген есірткі заттары есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық іс бойынша тіркелген заттай дәлелдер. Жою жұмыстары қалай жүргізілді және күдіктілер тыйым салынған өнімді қалай саудалаған? Алдағы материалымызда.

Қаптарға салынған көкнәр тұқымы бірінен соң бірі пешке тоғытылды. Жалпы салмағы 321 келі 700 грамм болатын көкнәр жойылды. Яғни бұл құрамында есірткі затының қалдықтары бар тұқымдар.

Ғалиасқар Қасымов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп - тексеру департаменті басшысының орынбасары

Бұл – лас көкнәр. Дүкендерде сатылатын көкнәр – тағамдық өнім, ол зауытта өңделіп, буланып, тазартылған күйде шығарылады. Нарықта бір келі көкнәрдің бағасы шамамен 1,5-2 мың теңге болса, бұл өнімнің келісі 15-20 мың теңгеге дейін жетеді.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы туыстарымен бірге көкнәрді басқа өңірден тасымалдап, оны қаптап, тағамдық өнім ретінде сатқан. Ол үшін Павлодар қаласынан сауда орындарын жалға алған. Заңсыз кәсіптен түскен табыс 44 миллион теңгеден асқан. Бұл қаржыға үшінші тұлғалардың атына рәсімделген екі автокөлік сатып алынған. Көліктер тәркіленіп, іс фигуранттары сотталды.

Ғалиасқар Қасымов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп - тексеру департаменті басшысының орынбасары

Биылғы жылдың 3 сәуірінде сот үкімі шығып, ұйымдастырушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары да 7 жылға сотталды. Бұл адамдар ұзақ уақыт бойы осы іспен айналысқан. Алайда олар бутиктер жалдап, әртүрлі сусымалы өнімдер мен тағамдық қоспалар сатқандықтан, көпке дейін анықталмай келген.

Көкнәр тұқымының өзінде есірткі заты болмайды. Алайда өнімді жинау немесе жеткілікті тазартпау кезінде тұқым бетінде апиын алкалоидтары бар өсімдік шырыны қалып қояды. Дәл осы заттар есірткілік әсер береді.

Дильназ Қуанышбекқызы