Железин ауданындағы Михайловка ауылының тұрғындары өз күштерімен және жеке қаражаттары есебінен концерттік алаңы бар орталық алаңның құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаны жүзеге асыру үшін 1 200-ден астам ауыл тұрғыны бірігіп, 4,5 миллион теңге жинады. 


Бұған дейін ауылдағы мерекелік іс-шаралар жолдардың бойындағы бос алаңдарда, көпшілік шараларды өткізуге бейімделмеген жерлерде ұйымдастырылып келді. Орталық алаң салу идеясы бұрыннан талқыланып жүрген болатын. Алайда дәл Михайловка ауылының мерейтойы қарсаңында тұрғындар мен жергілікті билік өкілдері ортақ шешімге келіп, бұл жобаны өз күштерімен жүзеге асыруға болатынын ұйғарды. Ақпан айында қаражат жинау басталып, оған ауыл тұрғындары белсенді түрде қатысып, қажетті соманы жинады. 

Рустам Вагитов, Михайловка ауылдық округінің әкімі

28 маусым күні біз ауылымыздың 120 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Бұл мерекені Михайловка ауылының жаңа орталық алаңында өткізетін боламыз. Алдымен сахнаның құрылысын бастадық. Сахна алдындағы аумаққа қажетті жоспарлау жұмыстары жүргізілді, мұнда төсеніш тас (брусчатка) төселеді. Сондай-ақ алтыбақан орнатылды. Алдағы уақытта волейбол алаңын салу және гүлзарлар жасау жоспарланып отыр.

Жобаны жергілікті құрылысшылар тегін жүзеге асыруда. Сонымен қатар жаңа қоғамдық орынды абаттандыру жұмыстарына ауылдың басқа да тұрғындары қатысып, сенбіліктер ұйымдастырып, аумақты тазалауға атсалысуда. Бірлескен күш-жігердің арқасында көптен күткен орталық алаң біртіндеп жаңарып келеді. Құрылыс жұмыстарын маусым айының ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Ульяна Василенко, Михайловка ауылының тұрғыны

Көп жылдар бойы біздің ауылда мерекелік іс-шаралар әртүрлі жерлерде өткізіліп келді. Биыл біз өз алаңымызды салып, оны абаттандырып, көркейтуге шешім қабылдадық. Бұл жерде мерекелер мен түрлі мәдени шараларды өткізуге мүмкіндік болады. Осылайша тұрғындарға да ыңғайлы, әрі өзіміз үшін де жайлы әрі көрікті орын пайда болады. 

Ауылдың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында жергілікті тұрғындар туған өлке туралы деректі фильмді де өз күштерімен түсіруді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта елді мекеннің көнекөз қарияларынан мәліметтер жинау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Олар ауылдың өткені, даму тарихы және маңызды оқиғалары туралы естеліктерімен бөліседі. 


Самал Қалиқызы