Әскери өмір
Әрбір ер заматтың өмір жолындағы үлкен белес әскерде азаматтық борышын өтеу. Азаматтық еркін өмірден бөлек, тәртіп пен қатал талапқа құрылған әскери өмірдің сабағынан өту. Арнамыздың «Айбын» бағдарламасының ұжымы жас сарбаздардың әскери тәртіпке қалай бейімделіп жатқанын көріп қайтты.
Мұнда әрбір сәт минут, секундына дейін жоспарланған. Әрбір күн құнарлы таңғы аспен ауқаттанудан басталады. Дұрыс тамақтану сарбаздардың денсаулығына, күні бойы сергек жүруіне көп сеп.
Әскери бөлімде күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Мәзір күн сайын өзгеріп отырады: ботқа, сорпа, ет және көкөніс тағамдары беріледі. Жемістер де бар. Ас мәзірі мен оның құнарлылығын азық-түлік қызметі қадағалайды.
Сергей Ефимов, 5512 әскери бөлімінің азық-түлік қызметінің бастығы
Сарбаздар белгіленген күн тәртібіне сәйкес тамақтанады. Таңғы ас, түскі ас және кешкі ас. Яғни, күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Таңғы асқа ботқалар, сүт өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, қайнатылған жұмыртқа, шай, сары май, шұжық және ірімшік беріледі. Түскі ас кезінде екі тағам ұсынылады. Біріншісі — сұйық тағамдар: онда бұршақ сорпасы, борщ, рассольник, шорпа сияқты ұлттық тағамдарымыз да бар. Екінші тағамға палау, қуырдақ, лағман, бесбармақ және басқа да түрлі тағамдар кіреді. Кешкі асқа ботқалар немесе көкөністен жасалған тағамдар — азу, рагу, қарақұмық беріледі. Кешкі ас кезінде үнемі ет өнімдері болады. Ет және балық өнімдері беріледі.
Таңғы астан кейін — қайтадан сапқа тұрып, сабаққа кіріседі. Жас сарбаздар әскери жарғыларды, әскери атақтар мен айырым белгілерін үйренуде. Мұнда атауларды жаттап алу ғана емес, әскери иерархияны дұрыс түсініп, бағдарлай білу де маңызды.
Әскери қызмет — тек оқу мен саптық дайындықтан тұрмайды. Демалыс күндері әскери қызметшілердің тынығып, бір сәт сергіп қалуына мүмкіндік бар. Бірі шахмат тақтасы немесе тоғызқұмалақ үстінде тыныш уақыт өткізсе, енді бірі жолдастарына арнап шағын музыкалық кеш ұйымдастырады.
Жас сарбаздардың алғашқы екі аптаны жаңа дағдыларды үйренумен, жаңа жолдастармен танысумен өткізуде. Бәрі де әскер дегеніміз өзін сынап көрумен қатар, Отан алдындағы борышын өтеуге берілген мүмкіндік деп біледі.
Сарбаздар әскери борышын абыроймен өтеуді мақсат етті. Ел қорғаған бабалар дәстүрін жалғауда.