Жасөспірімдер арасында республикалық бокс турнирі басталды
Павлодар қаласында жасөспірімдер боксын дамытуға бағытталған республикалық деңгейдегі дүбірлі дода басталды. 5–7 қазан күндері 2013–2014 жылдары туған жас спортшылар арасында Павлодар қаласы әкімінің жүлдесі сарапқа салынады.
Үш күнге жоспарланған жарысқа Павлодар облысының құрама командаларымен қатар, Астана, Абай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысының жас боксшылары да қатысады. Олар өзара бақ сынап, шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасады.
Турнирдің басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында боксты кеңінен насихаттау, жас спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Мұндай жарыстар жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың табандылық, тәртіп пен жігер секілді қасиеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Үлкен спорт дәл осындай залдардан басталады. Алғашқы елеулі қарсыластар, алғашқы жеңістер мен жеңілістер — мұның бәрі спортшыны шыңдап, одан әрі талмай еңбек етуге жігер береді. Ең бастысы, жас спортшылар өз жетістіктерінің назардан тыс қалмайтынын, олардың болашағына қолдау көрсетуге әрдайым дайын жандар бар екенін сезінуі маңызды.
Махаббат Анаева, турнирдің бас демеушісі
Балалар спортын дамытуға өз үлесімізді қосуға мүмкіндік алып отырғанымызға өте қуаныштымыз.Павлодар облысында бірнеше өндіріс орнын ашып, жаңа жұмыс орындарын құрдық. Дегенмен біз үшін өңірдің дамуына өз үлесімізді қосу да аса маңызды. Әсіресе, балаларға ерекше көңіл бөлеміз. Себебі біздің болашағымыз — балалардың қолында. Сондықтан біз балалардың білім алуын да, соның ішінде бұқаралық және кәсіби спортпен айналысуын да белсенді түрде қолдаймыз. Осындай ауқымды әрі маңызды іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен қала әкіміне де ерекше алғысымызды білдіреміз.
Республикалық бокс турниріне 140 жас спортшы қатысып жатыр. Тартысты бәсекенің қорытындысында қала әкімі жүлдесінің иегері анықталып, жеңімпаздар марапатталады.
Қымбат Садық