Павлодарлық ұстаздар құрметке бөленді
Ұстаздардың төл мерекесіне арналған салтанатты іс-шаралар жалғасуда. Бүгін павлодарлық ұстаздар қауымы ерекше құрметке бөленіп, алғыс арқалады. Толығырақ – келесі бейнесюжетте.
Естай атындағы мәдениет сарайының кіреберісінде көрнекі бұрыштар орнатылып, өнерпаздар мұғалімдерді әсем әуенмен қарсы алды. Осындай мерекелік жиында павлодарлық педагогтер бас қосты.
Іс-шараның салтантты бөлімі қала әкімі Хасар Хабылбековтың құттықтау сөзінен басталды. Ол ұстаздардың аймақтағы білім беру саласының өркендеуіне қосқан айрықша еңбегін атап өтіп, ізгі тілегін білдірді.
Шаһар басшысы өскелең ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіріп жүрген бір топ ұстазға түрлі марапат табыстады.
Оқушыларды биік белестерге жетелеп жүрген белсенді педагогтер де түрлі номинация бойынша марапатталды. Мәселен, Алмас Серікбаев «Жыл мұғалімі – 2026» аталымы бойынша үздік деп танылды.
Саналы ғұмырын педагогика саласына арнаған ардагер ұстаздар да назардан тыс қалмады. Оларға кішкентай оқушылар гүл шоқтарын табыстады. Осылайша, павлодарлық мұғалімдер зор құрметке бөленіп, еңбектерінің лайықты бағасын алды.
Жұлдыз Қабылденова