Орманды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда
Павлодар облысында орман алқаптарын көбейту және табиғи аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта өңірде бірнеше жылдан бері ауқымды жоспар жүзеге асырылып келеді. Бүгін отырғызылған көшет бірден нәтиже бермейді. Алайда уақыт өте келе дәл осы жас өскіндер өңірдің жасыл желегін толықтыратын орман алқаптарына айналады.
Павлодар облысының мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 478 мың гектардан асады. Оның 312 мың гектарға жуығы орманды. Ал облыс әкімдігінің қарамағында 127 мың гектар мемлекеттік орман қоры аумағы бар. Оның 92 мың гектары жасыл желекпен көмкерілген. Бұл жерлердегі орманды қорғау, күтіп-баптау және көбейту жұмыстарын үш орман қорғау мекемесі атқарады.
Мамандар көшет түрін таңдауға ерекше мән береді. Себебі Павлодар өңірінің климаты қатал. Топырақтың жағдайы мен ылғал мөлшері де ескеріледі. Сондықтан жергілікті табиғи ортаға бейімделген ағаш түрлеріне басымдық беріледі. Облыс жағдайына қарағаш пен қарағай қолайлы саналады.
Мамандардың айтуынша, орманды алқапты көбейту ұзақ мерзімді жұмыс. Бүгін отырғызылған көшеттер бірнеше жылдан кейін ғана жайқалып өсіп, орманға айналады. Сондықтан әрбір аумақтың табиғи ерекшелігін ескеріп, ағаштарды күтіп-баптау қатар жүргізіледі.
Сабина Жолдаспаева