Павлодарда жас боксшылар бақ сынады
Павлодарда болашағынан үміт күттіретін жас боксшылар бас қосты. Үш күн бойы рингте тартысты жекпе-жектер өтіп, спортшылар өзара мықтыны анықтады. Бәсеке Павлодар қаласы әкімінің жүлдесіне арналды. Барлығы 140 жас спортшы шаршы алаңға шығып, шеберліктерін ортаға салды.
Жарысқа қатысушылар бірнеше салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Жас спортшылар әр жекпе-жекте өздерінің дайындығын көрсетті. Рингте жылдамдық пен дәлдікке, тактикалық шеберлік пен төзімділікке басымдық берілді. Үміткерлер қарсыласына лайық әдіс таңдап, жеңіске жетуге бар күшін жұмсады.
Азамат Смағұлов, турнир ұйымдастырушысы
Біз 5–7 қазан аралығында 2013–2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында Павлодар қаласы әкімінің жүлдесіне арналған бокстан турнир ұйымдастырдық. Жарысқа бес өңірден спортшылар қатысты. Ақмола облысы, Астана, Қарағанды және Павлодар облысының жас боксшылары бақ сынады. Турнир жоғары деңгейде өтті. Бірінші орын алған спортшыларға чемпиондық белбеулер табысталды. Екінші және үшінші орын иегерлеріне кубоктар берілді. Сонымен қатар демеушілер тарапынан арнайы жүлделер де қарастырылды. Осындай ауқымды жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Павлодар қаласының әкімдігіне және барлық демеушілерге алғысымды білдіремін. Бұл турнир Павлодар қаласында алғаш рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта жарысты дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Үш күндік тартысты бәсеке қорытындысымен өз салмақ дәрежелерінде үздік нәтиже көрсеткен спортшылар анықталды. Турнирге қатысқан 140 спортшының әрқайсысы рингте өз мүмкіндігін сынап, үлкен спортқа жасалған тағы бір қадамын көрсетті.
Сабина Жолдаспаева