Жазғы демалыс – балалардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізетін маңызды кезең. Осы мақсатта Ертіс ауданында оқушыларға арналған жазғы сауықтыру және танымдық лагерьлер жұмыс жасайды. Биыл демалыс маусымымен 2 мыңнан астам бала қамтылды. Ал әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына арнайы жолдамалар тарту етілді.


Ертіс ауданында 1-10 сынып оқушыларына арналған жазғы сауықтыру лагерлері ұйымдастырылған. Биыл аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының қолдауымен «Жазғы лагерьге жолдама сыйла» акциясы өткізіліп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 32 балаға тегін жолдама берілді. Лагерьлерде балалардың жан-жақты дамуына бағытталған тәрбиелік, танымдық және спорттық жобалар жүзеге асырылуда.

Айнұр Сәрсенова, Ертіс ауданы білім бөлімінің басшысы

Биылғы жобалардың әрбіреуі ерекше. Яғни, «біртұтас тәрбие», «адал азамат» бағдарламасы, «заң және тәртіп» идеологиясын ұстанып отыратын, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы негізінде осындай бағыттарда біздің жазғы лагерлеріміз жұмыс жасап жатыр. Одан басқа, жазғы кезеңдегі жасөспірім балалардың кешкі уақыттарын қамту үшін бізде кешкі кинозал, кешкі кітапхана, кешкі спорттық алаңдар жұмыс жасап жатыр. Бұл жерде біз тек күндіз емес, оқушылардың кешке де бос уақыттарын қамту арқылы осындай жұмыс жасаймыз. Биыл мамыр-тамыз айларында «қауіпсіз балалық шақ» акциясы бастау алды. 

Ертіс ауылындағы мектепте сауықтыру және кәсіби бағдар беру лагерьлері ұйымдастырылған. Пәндік олимпиадаларға дайындалатын дарынды оқушылар үшін арнайы сабақтар өткізіліп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жанат Шыңғысова, Ертіс ауданының №2 ЖОББ мектебінің директоры

Бұл жерде оқушылар білімдерін тереңдетіп қана қоймайды, сонымен қатар танымдық, шығармашылық шараларға қатысып, өздерінің болашақ мамандықтарымен танысады. Пәнге деген қызығушылықтары артады. Мұғалімдер мен оқушылардың бірлескен жұмысы балалардың қабілеттерін дамытуға, кәсіби бағдарын қалыптастыруға және жаңа оқу жылына сапалы оқу дайындықпен келуіне мүмкіндік беруде. Басты мақсатымыз әрбір оқушының жазғы демалысын қызықты, пайдалы, мазмұнды өткізуіне жағдай жасау. 

Мектепте лагерь жұмысы ұлттық құндылықтарды дәріптеумен ұштасқан. Осы мақсатта мектеп аумағында үш киіз үй тігіліп, балаларға қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін танытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда оқушылар бесік жырын, жаңылтпаш, мақал-мәтел, жұмбақ пен санамақты үйреніп, өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізу дағдыларын дамытады. Ұлттық мұраны насихаттау арқылы балалардың тіл байлығын арттыру көзделген.

Бибігүл Иванова, Ертіс ауданының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі 

Сонымен қоса, оларды шаршатпас үшін, сергіту сәті ретінде, ұлттық болмысы одан сайын жақсара түсу үшін ұлттық ойындар ойнаймыз. Өздеріңізге таныс «ақ серек-көк серек» ойыны, «сақина салу» секілді түрлі ойындар ойнаймыз. Сонымен қатар, дәстүрлі әндер мен күйді тыңдатамыз. Күйдің тарихын, қалай пайда болғанын міндетті түрде тыңдайды. Одан бөлек, тыңдағаннан кейінгі эмоциясын суретке салу керек. Ертегені де өте үлкен көлемде алмаймыз, шағын көлемде алып, олардан комикстерді дайындап, суреттерді бояуға арналған дүниелер жасаймыз. Балаларға неғұрлым қазақы дүниені көбірек жеткізу және соның тиімді бағыттарын іздестіру біздің негізгі идеямыз болып табылады. 

Қазақы бағыттағы мұндай лагерьлердің тәрбиелік маңызы зор. Олар балаларды ұлттық құндылықтарға жақындатып, туған тіл мен мәдениетке деген құрметін арттырады. Балалар ойын арқылы білім алып, салт-дәстүрді таниды, ал бұл олардың тұлғалық дамуына оң әсерін тигізеді.


Сабина Жолдаспаева