Павлодарда Уорлдскилл-2026 чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Оған өңір бойынша 300-ден аса студент қатысты. Толығырақ тілші сюжетінде. 

Облыста кәсіби шеберліктің өңірлік чемпионаты – WorldSkills Pavlodar-2026 өз мәресіне жетті. Чемпионаттың жабылу салтанаты «Электроника және коммуникациялар жоғары колледжі» базасында өтіп, үздік қатысушылар мен білім беру ұйымдары марапатталды.

Биылғы чемпионатқа Павлодар облысындағы 39 колледжден 334 студент қатысып, 70 құзыреттілік бойынша бақ сынады. Ұзақ уақытқа созылған жарыс барысында қатысушылар өз мамандықтары бойынша кәсіби дағдыларын көрсетіп, өңірдің үздік жас маманы атағын сарапқа салды.   

Маргарита Романова, Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінің студенті

Мен өте ұзақ дайындалдым. Екі айдай. Лекалаларды дайындағаннан гөрі, 3Д форматында қиындықтар болды. Бірақ мен уақытылы жасап, тәжірибе алдым, өзіме ұнады. Маған осы колледжге оқуға түсуіме анам кеңес берді. Түстім, маған ұнайды.   

Байқау қорытындысы бойынша алтын медаль саны бойынша үздік нәтиже көрсеткен бес колледж анықталды.

Маржан Тынысбек, чемпионаттың бас сарапшысы

Чемпионатта екі колледж қатысты. Бұл политехникалық және Павлодар қалалық қызмет көрсету саласы колледжі. Әр колледжден 2 қатысушыдан болды. 6 жоба қорғалды. Бұл әйелдер, ер адамдар шаш қию үлгісі, бояу, химиялық бояу, шаш үлгілері. Яғни осы тапсырмаларды олар 3 күн бойы орындады. қатысушылардың бәрі жақсы нәтиже көрсетті. Олардың ішінде үздігін таңдау оңай болмады. 

Айта кетейік, чемпионаттың үздік қатысушысы республикалық кезеңде бақ сынайтын болады. Ол Астана қаласында күзге қарай өтеді. 


Самал Қалиқызы