Жаз келді. Облыста саяжай маусымы қызды. Кейде, бау-бақшаларда құқық бұзушылықтар тіркеліп жатады. Ал, оның алдын алу үшін салт атты полицейлер сап құрып, күнделікті қарауыл міндетін атқаруда. Сәйгүлікті ауыздықтап, сақшылық құрған полицейлердің қызметімен тілшіміз танысып қайтты. 



Полиция қызметкерлері бұл сәйгүліктерді жай салтанат үшін мініп жүрген жоқ. Күнделікті, жауапты қызмет барысы. Саяжай, бау-бақша аумағында бұралаң жолдар көп. Көлік баруы қиын жерлер бар. Осындай қиын жолдарға бапталған аттардан артық жолдасты таппайсың дейді полиция қызметкерлері. 

Елжас Қалиев, Павлодар облысы ПД полиция батальоны жанындағы кавалериялық взвод командирінің орынбасары

Салт атты нарядтардың артықшылығы – көлікпен немесе жаяу жету қиын жерлерге еркін бара алуында. Бұл жеке мүлік ұрлығының алдын алуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан мұндай күзет түрі құқықбұзушылықтарды болдырмауда өте тиімді. Алқаптардың көлемі үлкен болғанымен, тұрғындары бар және қолданыстағы учаскелерге басымдық беріледі. Қараусыз қалған орындардан гөрі адамдар тұратын жерлерге көбірек көңіл бөлінеді. Қызметкер ат үстінде болғандықтан, айналаны кеңірек шолып, жағдайды жақсы бақылай алады.

Полиция дерегінше, бау-бауша, саяжай аумағында ауыр қылмыстар сирек тіркеледі. Негізінен ұсақ мүлікке қол сұғу сияқты құқықбұзушылықтар кездеседі. Сондықтан салт атты жасақтардың басты міндеті – түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу. Қазіргу уақытта Павлодар облысы полиция департаментінің қарамағында 15 қызметтік ат бар. Олар арнаулы дайындықтан өткен, тұрақты түрде қызметке тартылады. Әрқайсысының инвентарлық нөмірі бар, толық есепке алынған.

Кавалериялық взвод шамамен жеті жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде қызметке жаңа аттар тұрақты түрде алынып отыр. Сәйгүліктердің күтімі мен ем-домына барлық жағдай жасалған.