Екібастұзда екінші жыл қатарынан 8 елдің желаяқтары бас қосқан ауқымды марафон өтті. Онда мыңнан астам спортшы бақ сынады. Балаларға арналған марафон қашықтығы да алғаш рет ұйымдастырылып, даму ерекшелігі бар бүлдіршідер де мүмкіндіктерін сынады.
Әр түрлі мемлекеттің 30 ға жуық қаласынан мыңнан аса желаяқ Екібастұзда бас қосты. Олар әр түрлі қашықтық бойынша бақ сынап, спорттық мүмкіндіктерін сынап қана қоймай, өзгелерге салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді. Қатысушылар тек спортты насихаттаушылар емес, спортты өмірлерінің мәніне айналдырған жандар.
Кід жүйріктер жүгіру өнерінің қыр-сырын баршасына көрсетті. Жүгіру тек спорт емес, рухыңды шыңдаудың негізі екенін дәлелдеді.
Қазақстанда марафон спорты қарқынды дамып келеді. Жекелеген адамдардың ғана емес, отбасылық спортқа айналып үлгерген. Екібастұздағы шарада осының да айқын дәлелі көрініс тапты.
Алғаш рет балалар да марафонға қатысты. Олар болашақта жүгіру спортының жұлдызы болулары әбден мүмкін.
Сондай-ақ, даму ерекшелігі бар балалар да марафонға қатысып, марапатқа ие болды. Жалпы шара әр түрлі жастағы споршыларды түгел қамтыды. Қатысушылардың ең кішісінің жасы сегізде болса, 74 жастағы қарт тұрғын да жарысқа қатысты.