Екібастұзда қоғамға пайдалы жастар жобалары анықталды. Қала әкімінің қатысуымен өткен кездесуде шағын әлеуметтік гранттар байқауының жеңімпаздары марапатталып, үздік бастамаларға қолдау сертификаттары табысталды. 


Биыл «Біргеміз Екібастұз» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын арттыру мақсатында арнайы гранттық байқау ұйымдастырылды. Жобаның жалпы қаржылық қоры 4 миллион теңгені құрады. Нәтижесінде үздік деп танылған 8 жобаға 500 мың теңгеден грант бөлінді.

Кездесу барысында жастар өз жобаларын таныстырып, алдағы жоспарлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Қолдау тапқан бастамалар еріктілер қозғалысын дамытуға, жастарды қолдауға, түрлі тәуелділіктердің алдын алуға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсетуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Анатолий Козлов, грант иегері

Біздің жобаның негізгі бағыты хабарсыз кеткен адамдарды іздеуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру. Біз әлеуметтік желіні пайдаланбайтын тұрғындарға да ақпарат жеткізу үшін хабарландыру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар студенттер мен жұмысшы жастарға волонтерлік қызмет туралы оқыту сабақтарын өткіземіз. Жастар үшін төтенше жағдайлар қызметтерімен таныстыру экскурсияларын ұйымдастырып, полиция және ТЖ қызметкерлерімен бірлескен профилактикалық шаралар өткіземіз.

Алия Аздуева, грант иегері

Біз қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеретін әндер жазып, бейнебаяндар түсіреміз. Мақсатымыз көрерменге қарапайым әрі түсінікті тілмен түрлі әлеуметтік топтардың өмірін көрсету. Ал грант қаражаты түсірілім мен шығармашылық өнім дайындауға қажетті құрал-жабдықтарға жұмсалады.

Байқауға Екібастұз қаласы мен ауылдық аумақтардың белсенді жастары қатысып, жиырмадан астам өтінім ұсынылды. Барлық жобалар техникалық және конкурстық іріктеуден өтіп, ең үздік бастамалар қолдауға ие болды. 

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі

Облыста жастар бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгін қолдау тапқан жобалар волонтерлік қозғалысты дамыту, жастарды қолдау және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсету бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы жастар саясатын іске асыру аясында әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Мұндай бағдарламалар белсенді жастардың тың идеяларын жүзеге асырып, өңірдің қоғамдық өміріне оң өзгерістер енгізуге жол ашады.

Еркін Құсан, Екібастұз қаласы жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры

Жалпы әлеуметтік жобалардың бәрі «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», сонымен бірге «Адал азамат» концепцияларын қамту бағытында жүзеге асатын болады. Жалпы биыл волонтерлар жылы, оны білесіздер. Екібастұз қаласында да волонтерлық бағытта да жобаларымыз бар. Әрбір жобаға бөлінген қаражат тиісті түрде шығындары қамтамасыз етілетін болады. Жобалар 50 мыңға дейін жанама түрде азаматтарды қамтитын болады. 400 мыңға дейін тікелей қамту арқылы қамтамасыз етілетін болады.

Мамандардың айтуынша, ұсынылған жобалар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. 

тұрғындарының игілігіне бағытталған.


Сабина Жолдаспаева