«Ертіс толқыны» жобасы жалғасуда. Бұл жолы облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына арналған бағдарламаны Баянауыл ауданы ұсынуда. Олар қандай шаралар дайындап әкелді? Келесі сюжеттен көрейік.
Баянауыл ауданы «Ертіс толқыны» жобасы аясындағы мәдени-сауықтық шаралар легін ұсынды. Орталық жағалауда жиналған жұртшылық «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық сауаттылығын арттырып, тегін кеңестер алды, сондай-ақ түрлі алаң бағдарламаларына қатысты.
Ренат Ильдин, Баянауыл жастар орталығының директоры
Бірінші зона «Заң мен тәртіп» аясында болса, екінші зона бізде робототехника бойынша болады. Үшінші алаң – «Шеберлер сөйлейді», яғни бізде ұлттық нақыштағы, ұлттық салт-дәстүрге байланысты көрмелер әкелдік. Ағаштарды қайта өңдеу бізде шеберлік сағаты бар. Оның істелген жұмыстары бар және қалай жасалатынын көрсетеміз. Төртінші алаң бізде ұлттық спортқа арналған. Осының бәрін біз «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында шараларды ұйымдастыратын боламыз. Біздің Баянауылдан әкелген өнерімізді көрсететін боламыз. Осы қала тұрғындарымен бөлісуге келдік арнайы.
Жұртшылықтың қызығушылығын, әсіресе, ұлттық ойындар тудырды. Көпшілік тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық сияқты ойындардың алаңында бас қосып, біреулері ойындардың қыр-сырын үйренсе, өзгелері бақ сынасып, өзара мықтыны анықтап жатты.
Ардақ Жақыпов, Баянауыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұлттық спорт түрлері бойынша жаттықтырушысы
Баянауылымызда қазіргі таңда ұлттық спортымыз жоғары деңгейде дамып келеді. Оның бірі – асық ату, бес асық ойындары және тоғызқұмалақ ойындары жақсы даму үстінде. Қала қонақтарына, демалып келіп отырған балаларға өз білгенімізді үйрететін боламыз осы жерде. Кез келген адам өз өнерін көрсетіп, осы жерде қолынан келгенше сайысқа қатысуға мүмкіншілігі бар. Адам саны шектеусіз, келіп қатысуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ертіс толқыны» жобасының жоспарына сай, аймақтағы аудандар мен қалалар апта сайын өздерінің мәдени-сауықтық бағдарламаларын ұсынады. Баянауыл ауданы әзірлеген ауқымды шаралар легі үш күнге созылады. Бұл уақытта танымдық шараларға қатысумен қатар, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын да тамашалауға болады.
Жұлдыз Қабылденова