Ірі қалалар үшін тұрақты электр қуаты бұрыннан қалыпты жағдайға айналған. Ал шағын ауылдар үшін үйдегі жарық пен көшелердің жарықтандырылуы – жайлылықтың, қауіпсіздіктің және өмір сапасының маңызды көрсеткіші. Павлодар ауданының Коряковка ауылында тұрғындар көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жоба аяқталды. Электр желілерін жаңғырту жұмыстары ауыл өміріне қандай өзгеріс әкелді? Алдағы сюжеттен білейік.
Коряковка – Павлодар ауданындағы шағын ауылдардың бірі. Мұнда 174 тұрғын, 48 аула бар. Ауыл көлемі шағын болғанымен, тіршілігі қызу. Елді мекенде мал шаруашылығы және тұз өндірумен айналысатын алты шаруашылық жұмыс істейді. Сондықтан тұрғындар үшін тұрақты электр қуатының маңызы зор. Өйткені ол тұрмыстық қолайлылықпен қатар, ауыл кәсіпорындарының үздіксіз жұмысына да әсер етеді.
Руслан Сманов, Заңғар ауылдық округінің әкімі
Коряковка ауылында маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі жүзеге асырылды. Атап айтқанда, электр беру желілері қайта жаңартылып, көше жарығы орнатылды. Көп жылдар бойы ауыл тұрғындарын алаңдатқан негізгі мәселелердің бірі – электр желілерінің тозуы еді. Қолданыстағы желілердің тозу деңгейі 90 пайыздан асқан. Бұл электр қуатының сапасы мен үздіксіз берілуіне кері әсерін тигізіп келді.
Электр желілерін жаңарту мәселесін ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері көтеріп келген. Есептік кездесулерде олар жергілікті билік өкілдеріне инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін бірнеше рет айтқан. Мәселені шешу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. Алдымен электр желілері заңдастырылып, кейін оларды қайта жаңарту жобасы әзірленді. Соның нәтижесінде көптен күткен жұмыстар нақты іске аса бастады.
Руслан Сманов, Заңғар ауылдық округінің әкімі
Жоба аясында ұзындығы 2,68 шақырым болатын әуе электр желісі қайта жаңартылды. сонымен қатар, көше жарығына арналған 50 заманауи жарықдиодты шам орнатылды. бұл жұмыстар тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. сондай-ақ жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Өзгеріс әсіресе кешкі уақытта анық байқалады. Жарықтандырылған көшелер ауыл ішінде жүруді әлдеқайда қауіпсіз әрі ыңғайлы етті. Жаңа инфрақұрылым ұзақ жылдар бойы ескі желілердің мәселесін көрген тұрғындардың күнделікті өміріне де оң әсерін тигізді.
Бауыржан Қасанов, Коряковка ауылының тұрғыны
Бұрын жарыққа байланысты қиындықтар жиі болатын. Кернеу тұрақсыз еді. Жел соқса болды, жарық сөніп қалатын жағдайлар кездесетін. Сымдар үзіліп, кейде тұрмыстық техникалар істен шығатын. Жаңа электр желілері тартылып, жаңа бағандар орнатылғаннан кейін жағдай біршама жақсарды.
Мұндай жобалардың шағын ауылдар үшін маңызы ерекше. Олар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, ауылдық аумақтардың дамуына серпін береді. Коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды. Ал Коряковка ауылының тұрғындары үшін жаңартылған электр желілері – көптен күткен оң өзгерістердің жарқын көрінісі.
Сабина Жолдаспаева